Өлеңдер ✍️

  23.01.2022
  235


Автор: Бақтыбай Жайлау

Пір Бекет ата немесе кедергісіз кеңістік һәм уақыт хақында

Дүнияуи ілімді біз анық деп жүрдік,
Мектептің оқулығынан қанық боп жүрдік.
Өлшемі қылып уақыттың кеңістіктегі
Ең жылдам құбылысты жарық деп білдік.
Жаратылыс жұмбағы кешегіде екен,
Алдымнан шықты дүниенің есебі бөтен.
Сауалым тым көп болып барады, зинһар,
Жауабын кім дөп тауып, шешеді екен?
Айшылық жолдан өзгелер қиналары анық,
Күй кешіп жетер кейпінде диуана ғаріп.
Пір Бекет таңғы намазын оқиды екен
Оғыландыдан Меккеге, Хиуаға барып...
Жұртының жәрдем-мұратын қабыл, оң көріп,
Мешіт салғанда тұратын шалың жөн беріп.
Және сол сәтте жорықтас жолдасымен ол
Көрінген жауға қаптаған қалың қол болып...
Әзілі ортақ (Атамен болар жасы тең),
Бір досы таудан ауғанда жол арбасымен
Үйде отырған Ер Бекет көмекке келіп,
Түйе табанын тіреген жөн арқасымен...
Бұл істеріне Алыптың қылған-ды күмән,
(Әулием, Өзің таныттың тұлғаңды мұнар).
Қажет жерінде әп-сәтте табылатұғын
Қимылы жүйрік жарықтың жылдамдығынан.
Тарихаттың ол көрген астар түбін шын,
Шариғаттың меңгерген асқар шыңын тым.
Мағрифат пен Ақиқат әлемін кезген
Өлшеп береді Рухтың шапшаңдығын кім?
Ілім жолында арнаған сауғаға жанын,
Әруағыңнан айналдым, уа, Пәруана Ғалым!
Тылсымы терең танымың мен білсем,
Ата, Пірдің соңы Өзің мен тек Аллаға мәлім!


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу