Өлеңдер ✍️

  23.01.2022
  97


Автор: Бақтыбай Жайлау

Саз бен сұлулық

(скрипкашы Анар Асанқызына)

– Дарыныңыз мені бек тәнті етеді, –
Десем жай, жақпан сірә, жеңге, тегі.
Дүниеге іштегі бар сырымды
Дауыстап айтайыншы, нем кетеді?
Сүйрік саусақ пернеде сылаң қағып,
Сахнаға сіз шыққанда бұраңданып.
Санам елтіп, арбалам сиқырына,
Саз бенен сұлулықтан сыр аңғарып.
Құлақтан бұрын келер көкірекке,
Құдірет бұл... сезімді сетінетпе...
Қайран көңіл, ол күйді шын ұқпасаң,
Құр құмармен бұрылмас беті көпке.
Болмаса да кеудем бай, күй сіңірген,
Бұл сазды ұғындым жан, түйсігіммен.
Бұрын тіпті әуезге ынтыққам жоқ,
Бармайтын танауыма иісі мүлдем.
Жүйкемде жұмбақ сезім сырын жазып,
Жүрегімнің шертті бар қылын нәзік.
Жанымды жаулап алды, бұған дейін
Жүргем санап жұпыны жырымды азық.
Сазы оның болса толы құпияға,
Санамның құштары сол құпияда...
Сырын жаяр сіздердей жан болмаса,
Сай болғаны бұлбұлсыз жұт ұяға.
Тартқан сайын тағатсыз сырын қатар,
Тұла бойды еріксіз шымырлатар.
Табыстырса тағдырым сіздей жанмен
Тыңдаумен таңым атып, күнім батар.
Сүйрік саусақ пернеде сылаң қағып,
Сахнаға сіз шыққанда бұраңданып.
Санам елтіп, әзірге, жүргенім бұл,
Саз бенен сұлулықтан сыр аңғарып.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу