Өлеңдер ✍️

  23.01.2022
  96


Автор: Бақтыбай Жайлау

Астана аруына

Көптен бері өзіңнен үмітті едім,
Кідіртеді жүрсе де күдік кейін.
Сары уайымға, сұлуым, салдың мені
Патшаның қызын сүйген жігіттейін.
Әр нәрсені ойға алып, арман қылам,
Байлығым жоқ – бабадан қалған мұрам.
Тарту етсем деген ем ертегідей,
Бірақ та қайтсем сені таңғалдырам?
Беремін деп зәулім үй – сарай салып,
Құшқанын да білместен қалай табыт,
Жас жанын пида етіп, жар жолында
Құрбан боп кеткен жоқ па талай алып?
Ал қазір жоғары ғой талғам аса,
(Қызыға ма қыз да көз арбамаса?)
Анадай ғимараттар салу – арман,
Ғайыптан кеп құдірет қолдамаса...
Толғандырмас құс қонған ұя кімді?
«Бәйтерек» те баурап ап қиялымды.
Жыланның ауызынан қорғап қалған
Ұланның қарекетін қылам үлгі.
Жүрегіміз шалғайда сағынысар,
Оны бірақ ұға алмас тағы құс әр.
Болса ғой самұрықтай құныкерім,
Тұтатсам қылын саған алып ұшар...
Лаулатар бейбітшілік шырағын шын
Адамзат үшін ұлы, сірә, бұл сын.
Бір алқада бас қосқан дінбасылар
Ел үшін һәм мен үшін дұға қылсын.
Ақ батамен дарытсақ Хақтың нұрын,
Бәлкім, сонда жанар ма бақ жұлдызым?
Маң даланың паң мінез болмысымен
Тәнті етермін Сарыарқа жақтың қызын...
Есілдің ерке мінез толқынындай
Күлкіңмен қуанышқа толтыр ыңғай.
Каспийдей боп көңілім тасып-толсын,
Қылығым болмаса да жойқын ұлдай.
Емес мұным жүректің базынасы,
Бар айтатын сөзімнің лазымы осы.
Ерінің де еншісі, байлығы ғой –
Елінің ортақ дәулет-қазынасы.

Сондықтан да несіне қысыламын?
Сағынышымды құс қып ұшырамын.
Жанында жүрсем сыйдан кенде қылман,
Ал әзірге жырымды ұсынамын.
...Тәуекелден жас жүрек жасқана ма?
Бағым үшін, деместен «басқа қала»,
Тартып отырар күнім туар ма екен
Бетімді бұрып алып Астанаға?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу