Өлеңдер ✍️

  23.01.2022
  194


Автор: Бақтыбай Жайлау

Мерекеміз арналсын елдігіме

(Жаңаөзен қаласының 40 жылдығына)

Көкжиектен әуелі таңды көрем,
Мұным бірақ табиғи заңды дер ем.
Өзенді айтсам, кешегі ерлікпенен
Өрілген тарихы бар мөр ғып берер
Өткені ойға оралар алдыменен.
Көшеді үмітпен өр, күдіктен кер,
Өседі жігіттер ел құлық берген.
Ұқтырып бір күш барын толқытатын,
Бұқтырып кіл дұшпанын қорқытатын
Бұл маңның қасиетін біліп пе еңдер?
Тәңір Ұлы! Мына жұрт-ұлық пендең,
Деп ойлаймын Өзіңнен ырық келген.
Есіне ап Атыңды ел жасар қадам,
Төсіне ақ сәжде ғып качалкалар
Бұл Сенің назарыңа іліккен жер.
Батасын берген Қыдыр – қара шалды,
Атасын көргенді ұл жарасарды.
Халықтың қосып басын іс қылатын,
Алыптың тосып қайрат, күш-қуатын,
Қырқында «қамал бұзбай», қала салды.
Бұл сөзім аңыз емес, әфсана да,
Ол кезің жан бітірді жас қалаға.
Әп-сәтте қауыз жарған, ерте гүлдей,
Он жылда... (әжем айтқан ертегіңдей)
Бой көтерген жоқ па ана Астана да?!
Жолыңда кездессе де бұйым іс көп,
Соңында тосылмадың қиын күш деп.
Бала шақта өзіміз арман еткен
Болашаққа жолдаған аманатпен
Бізге де жетті бұл күн туын тіктеп.
Қалам жас, нұр шашады шұғыла көк,
Қадам бас бағытың бір құбыла боп.
Берекеміз жалғансын ендігіме,
Мерекеміз арналсын елдігіме,
Ынтымақпен тойлайтын жұмыла көп!
Қумайық түлік қамын, мүлік қамын,
Ұғайық алда алуан үміт барын.
Сайрап жатыр біз жүрер сапар әлі,
Еліңді оған Ниетің апарады:
Тек Сабыр мен Тәубеңді ұмытпағын!
Ұлықтарым!
***
(...-ға)
Биші екеш жүрегіме хандық құрдың,
Тіл қатпастан жаныма жарлық қылдың.
Торықтым мен, қайдан-ақ жолықтың сен
Мұңлыққа аңсар болып, Зарлық құрбым?!
Екеуміз бірге жүрген шақтар қандай?
Қазір айтсам, бейне бір тәтті армандай.
Қалпым көп сол уақта мол баққа ие,
Шарқым кем оны жыр ғып ақтарғандай.
Сезім сынын сөз етіп жүрісіп ек,
Кейде үнсіз тұрып-ақ ұғысып ек.
Елемедік арада жас пен басты,
Тоғысқандай тіпті жан тынысы дөп.
Сен маған ақтардың сыр сандығынды,
Мен саған хат қып жаздым бар жырымды.
Қоса сызылған болса, оқығым кеп
Маңдайыңнан іздедім тағдырымды.
Білсекте ие екенін көшіне Кім,
Жазмышқа артамыз көп несіне мін?
Ғапылдықтың тағы бір мысалы ғой –
Екеуміздің еншіміз есіл өмір.
Тұра ма ылғи сондай сәттер үстем?
Өтеміз бе тынумен, әттең, іштен?
Қасаң тірлік құрбаны боламыз ба?
Сен не дейсің мұныма, ақ періштем?!
Құптайсың да зілмауыр сауалымды,
Қайталайсың тым ауыр жауабыңды.
Үйретесің содан соң маған үлгі,
Нақтылайсың тағылым-талабыңды.
Сен едің сенім берген, білесің бе?
Үмітім артса, ол да үлесіңде.
Жігіттік жігерімді жанып алып,
Дағдылана бастағам күресуге.
Сынаса Құдай бұлай ерді, тегі,
Қиын-ау көңілдің де көндігері.
Жанымда жәрдемшім жоқ,
Қайтсем керек
Жаратуға сол күшті енді кері?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу