Өлеңдер ✍️

  23.01.2022
  108


Автор: Бақтыбай Жайлау

Дерматоглифика

(...-қа)
Дей бер мейлі мұны жаңсақ мағына,
Мен өзіңнен бір сыр аңсап жаныма,
Үңіліп ем нәзік алақаның мен
Сүйрік саусақтарыңа.
Бұл болжамның түспесе де тасы нық,
Ынтық қылған қызыққұмар жас үміт.
Алақаның құпиясын ашпады
Жан сырыңды жасырып.
Одан дағы тани алмай түзу заң,
Көптен күткен кәусар көңіл бұзылған.
Балалықтың ізі әлі кетпепті
Саусағыңа сызылған.
Көрген сайын шиыр сырлы әр ізді,
Періштені тани түсем жаны ізгі.
Бой жеткенің ересектік емес тек,
Ой жеткенің маңызды.
Ол үшін де айтпан саған бекер сын,
Бұл сөзімді ренішсіз көтер шын.
Ең бастысы мендік сәруар сезімді
Қашан ұғар екенсің?
Әр ісіммен саған ылғи жайғам сыр...
(Түк сезбеген түйсігіңе қайранмын).
Осынау бір бала көңіл, бейкүнә
Мінезіңнен айналдым!


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу