Өлеңдер ✍️

  23.01.2022
  109


Автор: Бақтыбай Жайлау

Сармыс батырдың сөзі

Көнекөз қариялардың айтуынша, қазақ-қалмақ шайқастарында, одан кейін Жем бойында орыстарға қарсы жорықтарда ерен ерлігімен еленген, Адайдың Шоғы руынан шыққан баһадүр бабамыз Сармыс батыр жасы ұлғайғанда жаугершілікпен жүріп қаза болыпты. Жарықтық, жау қолынан қатты жарақаттанып жатса да дұшпанда кеткен кек-ызасы ғана жанына батқан екен.

Қырықмылтық деп атанған
Адайдан туған Шоғы едім,
Нысаналап ұрыста
Атылған жауға оғы едім.
Қорған болған жасымнан
Ел-жұртымның бағы едім.
Жорықта айла асырған
Дұшпанымның соры едім.
Өмірге мынау келгелі
Бұл қартың нелер көрмеді?
Сан мәрте тағдыр тезінде
Жеңсе де зауал өлмеді.
Қатер төнген халқыма
Сонау бір өткен шақтарда
Жер қайысқан қолымен
Жоңғар жауым шапқанда,
Дамылсыз сүрен салдырып,
Түндерді жалғап ақ таңға,
Талайлардың жас қаны
Су орнына аққанда
Аман қалған қу жаным
Найзадан да, оқтан да.
Одан бергі кезеңде
Жайық бойын жағалап
Ағайын біткен жүріп ек
Қонысын қатар паналап.
Күндердің күні болғанда
Намысын ұлттың табалап,
Орысым жөнсіз соқтығып,
Кіргенде елге қамалап,
Асынып қару шығып ек
Күш қосып ылғи азамат.
Жайратып жауды жығып ек
Кегі үшін көптің жазалап.
Арыма арнап садаға
Аллаға қылған аманат
Ажалсыз жаным тағы да
Қалған ед сонда саламат.
Бүгін, міне, осы бас
Егделік жасқа болып құл,
Қайратым қайтып, денем де
Майдан да жатыр қалып тұл.
Түсінем, қарттық жеңгеннен
Төсекте сырқат тауып құр,
Айқасып дертпен өлгеннен
Шайқасу жаумен – бақыт дүр.
Алайда мына жатысым
Жаныма қатты батып тұр.
«Қабырғамда қырық жара,
Омыртқамда он жара».
Бәрінен де ауыры –
Жүректегі бір жара.
Тән жарасы жазылар,
Жан жарама не шара?
Бойында тұнған намыс-ар,
Артымда қалған күні ертең
Кегімді қуар тегім бар.
Маңғыстау ойын жайлаған
Сегіз арыс елім бар.
Бес қаруын сайлаған
Жаужүрек талай ерім бар.
Соларға үміт артамын,
Есемді менің қайтарар.
Әруағым сол кез бір аунап,
Жаралы жүрек жай табар.
Ажалым жетті, сеземін,
Таянды басқа көрім тар.
Қартайған кезде қапы ғып
Дұшпанда кеткен кегім бар.
Медеу болар көңілге
Жұбанышым және бар –
Болса Жаббар Ием жар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу