Өлеңдер ✍️

  23.01.2022
  151


Автор: Бақтыбай Жайлау

Дұға етемін өзіңнен

Күнәларым көп, білем, пенделігім,
Пенде болып күн кешкен мен де кұлың.
Қателікті кешірер сипат тілеп
Дұға етемін Өзіңнен, ей, Ұлығым!
Құдіретіңе әрдайым табындыр да,
Хақ жолыңа бастай гөр, жаңылдырма.
Соны сұрап түндерде жалбарынып,
Дұға етемін Өзіңнен әр таңымда.
Кетпегей жүрегімнен иман алшақ,
Билемегей бойымды дүния, мансап.
Рухыма мәңгілік азық болар
Дұға етемін Өзіңнен дидар аңсап.
Қуат бер тежейтұғын құлқын күшін,
Тазарсын тән мен жаным, сыртым-ішім.
Құндылық – менің үшін түзу тірлік,
Дұға етемін Өзіңнен сол құн үшін.
Көңілім құштар Сендік қайырға бек,
Пешенемнен несібе айырма тек.
Қос дүниенің асылы – арманымда,
Дұға етемін Өзіңнен тарылма деп!

***
Өмірімді көркейтер ән-жырыңмен,
Бұлт-шабытым, кеттің бе қаңғырып ел?
Кел-дағы нөсерлетіп суаршы бір
Шөлдеген көңілімді жаңбырыңмен.
Кел, шабытым, ұйтқыған дауылменен,
Қуатыңмен жырлайын жалынды өлең.
Басайын жанымның бар шаңын сілкіп,
Жеңілдеп қалсын біраз жауыр денем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу