Өлеңдер ✍️

  23.01.2022
  243


Автор: Бақтыбай Жайлау

Ақылды Қожа

(әжемнің ертегісі)

Тұрар әр кез жаңа атқан таңға ұқсап,
Шіркін, қандай тамаша еді балғын шақ?!
Тауыса алмаспыз бар қызығын біз оның
Қаншама рет әңгімелеп жар қылсақ.
Еліктіріп тылсым дүние әлемі,
Отырушы ек ермек қылып әжені.
Ертегі, аңыз, әңгімелер ой салып,
Шарықтаушы ек қиялменен әуені.
Батырлықпен елге өзін сүйдірген,
Тапқырлықпен ханның басын идірген
Кейіпкерлер тағдырына қызыға,
Тыңдап өсіп, көбін еске түйдім мен.
Санаммен саяхаттап кезге балаң,
Кейде мен соның бәрін есіме алсам,
Ішінде ой желісі үзілмеген
Қалыпты жадымда тек бірен-саран.
Болса да бұл базарлық қарапайым,
Мен оны бір кәдеме жаратайын.
Әңгімеге әуесқой, құйма құлақ
Балаларға баяндап таратайын:
Жұртына өсиет пен салған ақыл
Бір шаһарда Қожа атты болған ақын.
Сүйсініп өнеріне қалың халқы
«Ақылды Қожа» атапты оның атын.
Бірде оның үйіне алыс жерден
Бір жігіт жолаушылап қонақ келген.
Қожа оны қонақжай лебізімен
Қарсы алып барымен құрметтеген.
Сол күні билік еткен ел әкімі
Той жасап тәмам жұртты шақырады.
Патша берген жарлықты бір шабарман
Ақылды Қожаға да жар қылады.
Қожа айтты:
– Тілеймін патша даңқын!
Құтты болсын тойлары жиған халқын.
Бірақ та мен бұл тойға бара алмаспын,
Қонағым бар үйімде, айта барғын.

Қожаның бұл сөздері ханға жетті,
Хан оған:
– Мейманымен келсін, – депті.
Бұйрықты екі айтқызбай орындайтын
Шабарман келген ізбен кері кетті.
Жиналды Қожа тойға бұйрықты естіп,
Жанына үйіндегі жігітті ертіп.
Шабарманға:
– Сен ордаға қайта бергін,
Біз артыңнан барамыз, – деді – жетіп.
Қонақпен бірге Қожа жолға шықты,
Жолай оған ел жайлы тіл қатыпты.
Халқының қулығынан сақтансын деп
Және бір мынадай деп үлгі айтыпты:
– Саулығыңды ойлайтын болса миың,
Жиында көрсетпе артық асыл бұйым.
Ол дүниең өзіңе сор боп тиер,
Ал одан соң көретін ісің қиын.
Осылай деп Қожа оған ақыл берді,
Жігіт те басын изеп мақұл көрді.
Қозыкөш жерден өтіп қос аттылы
Сарайына патшаның жақын келді.
Бұларды ел құрметпен қарсы алады,
Көп ұзамай мереке басталады.
Думандатып, көңілді сәнге бөлеп,
Құйқылжыта шырқалды жастар әні.
Содан кейін жайылды ақ дастархан,
Қонақтарды шақырды жол бастап хан.
Ас басында Қожа мен жігіт те бар,
Оларға да тартылды бір астау дәм.
Сол сәт жігіт қалтадан алтын сапты
Пышақ алып ортаға ет турапты.
Оны көріп бір уәзір себеп етіп
Жігіттен кеп пышағын сұрап апты.
Бірақ уәзір алды да қайтармады,
Жігіт те оны сұрап сөз айта алмады.
Астан кейін босады хан сарайы,
Жиын бітіп, ел кетті, той тарқады.
Сол кезде уәзір айтты:
– Уа, ханымыз!
Өткен жазда тоналғанда қазынаңыз,
Мына алтын пышақ та жоғалып ед,
Ұры ұсталды, енді сіз жазалаңыз. 
Мұны естіп ханға ашу жиылады,
– Дереу дарға асың! – деп бұйырады.
Сонда Қожа патшаға жақын барып,
Өтініш қып былайша қиылады:
– Бұл менің қонағым еді үйге келген,
Дәстүр бар ғой «Мейманды сыйла» деген.
Рұқсат бер үйіме қондыруға,
Жазалаңыз ертең сан айламенен.
Хан айтты:
– Сыйлап бүгін Қожа атын,
Бұл ұрыны бір күнге босатамын.
Қашырып алмау үшін жандарына
Біреуің қарауылдап қоса барың!
Қожа кетті қарауыл мен жігітті алып,
Үйіне жатты бәрі төсек салып.
Жастыққа бас тиген соң қарауылы
Уайымсыз ұйқыға кетті қалғып.
Сонда Қожа сыбырлады:
– Ей, қонағым,
Ақыл сөзді ұқпадың, тыңдамадың.
Ертең таңда өлесің ит өліммен,
Осы ғой бағың тайып сорлағаның.
Бұл сенің тірліктегі соңғы түнің,
Күн батарда ең соңғы сөнді үмітің.
Алайда мына сөзді ұғып алсаң,
Әлі талай жалғасар көрер күнің.
Ертең патша алдында «Датым бар» де,
«Сізге айтар ойымда антым бар» де.
«Сөзімді тыңдасаңыз ризамын,
Содан кейін-ақ дарға тартыңдар» де.
Ол антым мынадай де: «Менің әкем –
Жаһан кезген саудагер болған екен.
Бірде ол сапарында дүниесімен
Бір жерді пана етіп, қылған мекен.
Сол жерде түн жамылып бір қарақшы
Оны өлтіріп, бар заттарын тонапты.
Кейін мен әкемді іздеп шыққан кезде
Денесінен тапқанмын бұл пышақты.
Осы пышақ иесі оны мерт қылған,
Әке құнын дауламай мен тек тұрман.
Бұл пышақты таныған жан – қылмыскер,
Осылай деп өзіме-өзім серт қылғам.
Бүгін, міне, сіздің уәзір сол сертті
Мойындатып, өз қылмысын көрсетті.
Бұл пышақты қазынадан ұрлап ап,
Бұл пышақпен әкемді де мерт етті.
Қолтықтағы қарақшыны көріңіз,
Қылмысына тән жазасын беріңіз.
Әділдік пен теңсіздіктің билігін
Таразыға тартатын да өзіңіз».
Деп тоқтатты Қожа сөзін ақырғы,
Ұғып алды жігіт те ол ақылды.
Рауандап, шұғыла шашып шығыстан
Осы кезде таң да атуға жақын-ды.
Ертеңгілік бір хабаршы жар салып,
Дар жанына жиылады бар халық.
Екі жендет жетеледі жігітті
Ажалына тұрған алда қарсы алып.
Жігіт айтты:
– Уа, мырзалар, батырлар!
Патшаға айтар ойымда бір датым бар.
Ең соңғы рет жүздесейін ханменен,
Қанды дарға содан кейін асыңдар.
Бұл тілекті жендеттер қабыл алды,
Жігітті хан алдына ертіп барды.
Ал патша:
– Датың болса сөйле, қане,
Ойыңда не бар айтар? – деп сұрады.
– Тақсыр, датым мынадай, менің әкем
Сауда қылып әлемді кезген екен.
Бір күні керуенімен түн ішінде
Ен далада қоныпты жерге бөтен.
Түнде оған бір баукеспе жолығыпты,
(Алаяқтың қашан да торы мықты).
Қазынасын тонаған сол ұрының
Қолында әкем шейіт болыныпты.
Оралмай өткен кезде мерзімінен
Жолға шықтым әкемнің мен де ізімен.
Жолшыбай мүрдесіне жолыққанда
Осы пышақ табылды кеудесінен.
Содан бері іздеп әлгі ұрыны,
Талай жерде көрсеткем бұл қаруды.
Сіздің елде кешегі өткен жиында
Мұны көріп уәзіріңіз таныды.
Бұл пышақты ұрлап ол қазынадан,
Әкемді де тонап ап, қаза қылған.
Бүгін оның қылмысы болды әшкере,
Хан ием, енді өзің жаза қолдан.
Деді жігіт қайталап Қожа сөзін,
Дәлелдеді күнәсіз таза өзін.
Патша оның айтқанын жалықпастан
Үнсіз тыңдап, көрсетті аса төзім.
Шынында, жігіт таза ед бұл ұрлықтан,
Жан емес һәм дүниеге құмартқан.
Уэзір оның қызығып бұйымына
Ойы еді жаламен қылмақ құрбан.
Патша айтты:
– Ол азғын келсін бері,
Шын сатқынды танысын, көрсін елі.
Ардан безген жандардан құтылмайды,
Күнәсін мойындатып өлтір, – деді.
Қожа сөзі осылай ақтап жанды,
Жігіттің жас өмірін сақтап қалды.
Ал уәзір сол күндестік ниетімен
Ұзамады алысқа аттап арды.
...Бұл өмірде кездесер арамдықты
Әрқашан әділдік пен адал жықты.
Ол үлгіні жалғайтын болашаққа
Ізгі жандар ту еткен адамдықты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу