Өлеңдер ✍️

  23.01.2022
  120


Автор: Бақтыбай Жайлау

Не қалар?

Бақтыбай жырау Жолбарысұлы (1842-1902) ізімен

«Дейді екен – ұсталардан дат қалады»,
Дат қалады, артында зат қалады.
Оған халық көненің көзіндей ғып,
Бұйымның асылы деп ат тағады.
«Дейді екен – жазып кеткен хат қалады»,
Хат қалады, ол елде сақталады.
Болашаққа үлгі боп сөз маржаны
Жалғасып ел аузында жатталады.
Адамның өмірі де тоқталады,
Тоқталады, дүниеден жоқ болады.
«Дейді екен – өлгеннен соң қабірінде
Саудырап сүйегің мен жақ қалады».

***
Қазағым бір бақытым – тілім деген,
Осы тілде – ғылым да білім деген.
Қанатын қанша кеңге жайғанымен
Тіл білмеген ешбір ер білінбеген.
Қазағым бір бақытым – тілім деген,
Осы тілде – сөзім де үнім деген.
Қасірет - қуанышын қатар көріп,
Осы тілде жылаған, күлімдеген.
Қазағым бір бақытым – тілім деген,
Осы тілде – ділім де дінім деген.
Ақ сүтпенен дарыған өнерімен
Төл тілінде жырлаған ұғымды өлең.
Қазағым бір бақытым – тілім деген,
Осы тілде – салт-дәстүр, ырым деген.
Тау-тасқа таңба болған тарихының
Осы тілде ұғынған сырын терең.
Қазағым бір бақытым – тілім деген,
Осы тілде сыналар мінім деген.
Тіл білмес келімсектер кемсіткенмен,
Бұл тілдің қасиеті бүлінбеген.

***
Сүйіп сені, болдым ғашық,
Сезіміңді аңсадым.
Сырымды да салдым ашып,
Саған ауды аңсарым.
Төзімді жеңіп құштарлық,
Тағатсыз сені ойға алам.
Түнде ұйықтаймын еске алып,
Таңда ойлап оянам.
Жас сезімді түлеткен,
Жаным, саған, арманым,
Жасыра алмай жүректен
Жыр жолдарын арнадым.

***
Өмір жолы жарыстардан құралған,
Мәресіне шақырады ол алдан.
Сол өмірдің жетелейтін төріне
Әрбір жанда бар мақсат пен сан арман.
Бұл жарыста кәрі де бар, жас та бар,
Мақсаттары құштарлықтан басталар.
Хас жүйріктер осындайда сыналар,
Топтан озып тарландарда бақ шабар.
Өмір – жарыс, ұзақ-ұзақ жолы бар,
Бағыттары – оңы және солы бар.
Бар мұратың – сын жолында адаспау,
Адаспаған іздегенге жолығар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу