Өлеңдер ✍️

  23.01.2022
  118


Автор: Бақтыбай Жайлау

Сөзбасы

Лә Иләха ИллАлла!
Сөзімнің басы – кәлима.
Кәлима қонса жүрекке,
Жеткізіп қолды медетке,
Қуат болар фәниға.
Сөзімді тыңда, жамағат,
Етейін ойды жария.
Жамағат, тыңда сөзімді
Бір ауыз бәйіт айтайын,
Шаршы топқа түскенде
Бағымды сөйтіп байқайын.
Сөз басында алдымен
Толғайын біраз жыр жайын,
Халықтың асыл өнері –
Құдіретті қара өлеңі,
Өлеңнің жайын жырлайын.
...Өлеңнің жайын жырлайын.
Алтынға сөзі барабар
Бұрынғы өткен бабалар
Түндерді талай таңға ұрып,
Елді өзіне таң қылып
Сыр ғып айтқан бұл өлең,
Той-думанда сән құрып
Жыр ғып айтқан бұл өлең.
Даналығын жебе ғып
Жау қайтарған бұл өлең,
Жалғыз сөзді демеу ғып
Дау тойтарған бұл өлең.
Табынтып елді сөзіне
Бас идірген бұл өлең,
Талайлардың көзіне
Жас үйірген бұл өлең.
Жылататын, жұбататын
Қасиетті ұлы өлең.
...Қасиетті ұлы өлең.
Ертеде өткен жүйріктер
Жырласа қайтқан арыны,
Сөйлеген сайын тасыған
Дауылды толқын дарыны.
Жанартаудай жұлқынған
Жүрегінде жалыны.
Жылы-жылы СӨЗ айтса,
Тербеген елді бал үні.
Тәубесіне де келтіріп,
Түзеген тентек, тағыны.
Бүгінгі менің айтпағым –
Солардың салған сарыны.
Олар бір тасқын, көл - теңіз,
Мен оның сала ағыны.
Олар Күн де, мен Аймын
Дарыған бойға жарығы.
...Дарыған бойға жарығы.
Мәңгілік өмір өнерде,
Өнерлі жандар өлер ме?
Сүйсінуші ем қызығып
Ондай жанды көргенде.
Тұлпарлыққа талпынған
Тұра ма құлын көгенде?
Балалық ойды бағыт қып
Жас он төртке келгенде
Қалам мен қағаз қолға алып,
Құмартқам мен де өлеңге...
Шаршыға түсіп шабыспен
Сынатсам өнерімді елге,
Алдағы алуан асқардан
Көсіле асып келерге,
Үкілеген үмітпен
Бәйгеге түссем желерге
Жаббардан жәрдем күтемін,
Тілекті Тәңірім берер ме?
...Тілекті Тәңірім берер ме?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу