22.01.2022
  540


Автор: Жаңа заман ертегілері

Тағы да соғыс министрі

Достар «Мейірімділік сәулесін» табатын құралды Жер бетіне бағыштай отырып, планетаны айнала ұшуды ұйғарды. Зымыран неғұрлым төмендеген сайын, жылдамдығын да азайта бастаған. Бір кезде, қайдан шыға келгені белгісіз, бір бүйірден екі соғыс ұшағының пайда бола кеткені. Ұшқыр жойғыш ұшақтар екен. Іле кабина ішіндегі радиоқабылдағыш сөйлеп қоя берді:
– Ей, зымырандағылар! Кімсіңдер? Не керек сендерге? Сендер біздің елдің әуе кеңістігін бұздыңдар.
Саяхатшылар бір-біріне қарап, абыржып қалысты. Аяқ астынан не деп жауап қатқандары жөн? Бұлар ойланып үлгергенше, радиоқабылдағыштағы қатқыл дауыс қайта саңқылдай жөнелді:
– Зымырандағылар! Неге үндемейсіңдер? Егер жауап қатпасаңдар, дереу атып түсіреміз.


министр ертегі
Бекен сасқалақтап, Шапағатқа тағы бір қарап алды да:
– Біз Мейірбаннан келе жатыр едік... Біз ол жақтан сәуле табатын құрал алдық.
Қазір сәулені іздейміз... – деді сасқалақтай сөйлеп. Баланың бір-біріне байланыссыз сөздері ұшақтағылар үшін мүлде түсініксіз болды.
– Кәне, біздің алдымызға түсіңдер. Біз сендерді заңсыз ұшып жүргендерің үшін тұтқынға аламыз! – деді радиоқабылдағыштағы дауыс.


Жалтақтап Шапағатқа қараған Бекеннің көзінде «Енді не істейміз?» деген сұрақ тұрды. Досының көңіліндегі сауалды айтқызбай-ақ ұға қойған көгершіннің бар айтқаны:
– Тез сытылып шығайық! – болды.
Бекен ойланып тұрмастан, жылдамдатқышты басып қалып еді, зымыран көз ілеспес жылдамдықпен зу ете түсті. Қанша айтқанымен, заты ұшақ емес пе, әлгі екі жойғыш сол жерде қалып қойды.
– Бұлар сол Бүлік елінің қарақшылары, – деді Шапағат қауіпті аймақтан ұзаған соң. – Жаңа құтылып кетпегенде, бізді сөзсіз құртып жіберетін еді.
Енді екі достың көңілдері жайланып, зымыранның жылдамдығын тағы да бәсеңдетті.
– Мейірімділік сәулесін тездетіп тауып алайық, – деп қояды тағы бір-біріне.
Бұлардың асыға күткені Дән еліндегі соғыс жайлы хабар еді. Радиоқабылдағыш көп күттірген жоқ. Дән еліндегі қантөгістің әлі тоқтамағанын, Жер шарының әр жерінде осыған ұқсас түрлі соғыстардың жүріп жатқанын қысқаша хабарлап өтті. Бұл достар үшін шын мәніндегі қайғылы хабар-ды.
Осынау қырғын соғысты тоқтату үшін қолға алған істері әлі нәтижесіз. Жазықсыз қырылған бейбіт халықтың саны барған сайын молая түсуде. Бар үміт мына мейірімділік сәулесінде еді. Енді байқаса, оның да оңайшылықпен табыла қоятын түрі жоқ.
Міне, зымыран жер бетіне жанаса ұшып келеді. Жалпақ дала, ну орман, өзен-көл артқа қарай сырғып қалып жатыр. Құралдың белгі берер сыңайы байқалмайды.
Тысыр ете қалған радиоқабылдағыш тағы тіл қатты:
– Зымыран, тыңда!
– Иә! – деді Бекен әлденеге үміттеніп. – Біз тыңдап тұрмыз.


зымыран ертегі
Сөйлеп тұрған Бүлік елінің соғыс министрі болып шықты. Қайдан естігенін кім білсін, зымырандағы саяхатшылардың өзіне өтінішпен келген көгершін мен бала екенін біліп қойыпты. Жаңағы екі соғыс ұшағын жер соқтырған да осылар екенін анықтапты.


Енді, міне, жылы-жылы сөйлеп, достарды алған бағытынан қайтаруға тырысып бағуда. Бекеннің ызасы мұндай келмес. Тағы да оп-оңай алдай салмақ қой. Тапқан екенсің ақымақты. Ондай арам пиғылы енді орындала қоймас.
Бала радиоқабылдағышқа аузын таяп, бар даусымен айғайлап жіберді – Әуре болмаңыз, министр мырза. Біз бәрібір соғысты тоқтатпай тынбаймыз. Біліп қойыңыз оны! Бізді бір рет алдап соқтыңыз, сол да жетер.
Соғыс министрінің даусы сабырлы қалпынан бір ауытқыр емес:
– Балақай, ересек адаммен қалай сөйлесу керектігін сендерге үйретпеген екен.
Бірақ оқасы жоқ. Мен сенің бір білместігіңді кешіремін. Тек біздің әуежайға келіп қонсаң – болғаны.
– Жоқ, жоқ. Біз енді Бүлік еліне бармаймыз. Үгіттемеңіз, бәрібір ештеңе шықпайды, – деді Бекен өршелене айғайлап.
Бұл сөздің шын екенін аздан кейін Соғыс министрінің өзі де түсінді. Даусы күрт өзгерген ол қатал шешімін де айтып үлгеріп еді:
– Балақай, ендеше өз обалың өзіңе! Біз сен сияқты әуе кеңістігін бұзған қарақшыны бүйтіп сайрандатып қоя алмаймыз. Қазір атып түсіруге бұйрық берем.
– Өзіңіз біліңіз. Біз бәрібір сіздің елдің үстінен өтіп кеттік.
– Оған қам жемей-ақ қой, балақай. Біз манадан бері сендерді бақылап отырмыз.
Енді құтылам деп ойлама, бәлем! Бір минуттан кейін біздің соғыс зымыраны сендерді тас-талқан етеді.
Бір минут. Бұл тым аз уақыт еді. Достар енді шындап сасайын деді. Зымыранды дереу төмендетіп, қондырғаннан басқа амал жоқ.
Екеуі де төмен қарап еді, айнала көз жеткізгісіз телегей-теңіз су екен. Зымыран сол шалқар мұхитты қуалап, қырғидай зымырай жөнелді. Оларды аман алып қалған – мұхит ортасындағы шағын арал. Әйтпесе зу ете түскен соғыс ракетасының зымыранды қағып түсері анық еді.




Аудио





Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу