22.01.2022
  1486


Автор: Жаңа заман ертегілері

Қамаудағы үш дос

Айдын деген бір баланың елден ерекше сүйікті – Коньки, Шаңғы, Шана есімді достары болыпты. Айдын оларды қаншалықты жақсы көрсе, достары да оған барынша адал болыпты. Сөйтіп баланың достары бір бөлмеде тату-тәтті өмір сүріп жатыпты.


қуанышты бала сурет
Олар жалыға бастағанда есікке қарап, елеңдеп қалысады екен.
Айдын кіріп келе қалған жағдайда, барлығы шетінен:
– Мен!.. Мен!..
– Мен барғым келеді, – деп жамырап қоя береді. Ал Айдын достарын көшеге бірбірлеп қана шақырып, әрқайсысын жеке-жеке ойнататын көрінеді. Оның бұл мінезіне достарының да еті әбден үйреніп алған, бәріміз бірдей неге шықпаймыз деп ренжуді білмепті.
Бірақ сол Айдынның бұлар түсінбейтін бір мінезі болыпты. Кейде достарын мүлде есінен шығарып, олар жатқан бөлменің есігін ұзақ уақыт бойы ашпай кетеді екен. Ашқан күннің өзінде оларға назар аудармайтын көрінеді.
Баланың осы жұмбақ қылығын бөлме тұрғындары әр саққа жүгіртіпті. Алғашында олар бұған төзіммен қарап жүрмей ме? Содан бір емес, екі емес, үнемі қайталана берген соң, бәрі амалсыздан ойланып қалады.
– Бізді неге далаға шығармайтын болдың? – депті олар Айдын бөлменің есігін бір ашып қалғанда.
– Қазір жаз ғой. Жаздыгүні сендерге шығуға болмайды, – деп жауап береді бала.
– Неге болмайды? Жоқ, сен өйтіп өтірік алдама! Жұрттың бәріне болғанда, бізге неге болмайды? – дейді баланың Коньки есімді досы.


шаңғы сурет шана бала
Айдын жаздың өзіндік ерекшеліктерін айтып, себебін түсіндіріпті. Бұл жауапқа қанағаттанған сыңай танытып, бөлме тұрғындары бір сәт тыныштала қалған екен дейді. Іштері әбден пысса да, шыдап жата беріпті.
Бірақ қашанғы шыдасын, уақыт өте келе, олардың арасында «Шынында да біз неге далаға шықпаймыз?» деген әңгіме қайта өрбіпті.
– Осы Айдын бізді алдап жүр, – депті Коньки. – Қараңдаршы, енді оның ойнататыны біз емес, үнемі басқалар.
– Кімдер сонда? – дейді төменгі жақта тұрған Шана.
– Мен, мінеки, терезеден көріп тұрмын. Ол Доп, Велосипед тәрізді басқа достар тауып алған. Жаз шықты деп, бізді алдап кеткенін көрмеймісің.
– Қойшы, ей?! – депті серейген Шаңғы ұзын мойнын созып.
– Онысы дұрыс емес екен, – дейді Шана. – Сонда Айдынның бұнысы қалай?
– Қалай екенін түсінбей отырсың ба? Ол ескі, сенімді достарын сатып кеткен. Міне, солай!.. Ал ондай адамға не істеу керек? – деп бұрқ ете түседі шыдамсыз Коньки.
Өзара күңікілдесеп отырып, достардың ойы бұл мәселе жөнінде бір жерден шығады. Өздеріне дала жүзін көрсетпей жүрген Айдынға барлығы да наразы. Не де болса, бірдеңе істеу керек.
Сонымен жаздың жадыраған жайма-шуақ күндерінің бірінде Айдынның жоқтығын пайдаланып, үш дос далаға қашып шыққан екен дейді. Аспан айналып жерге түскендей ыстық, далада қар тұрмақ, қыраудың да нышаны жоқ. Оның есесіне жер беті көкпеңбек, желкілдеген жас құрақ, жайқалған жапырақтар көздің жауын алады.
– Ура-а! –деп айқай салыпты Коньки қуанғаннан шыдай алмай.


шаңғы сурет шана сурет
– Шынында да, мынау неғылған керемет дүние! – дейді Шаңғы да шаттанып.
– Мен мұндай даланы ешқашан көрген емеспін! – дейді Шана да таңырқағанын жасыра алмай.
– Осындай кереметті көрсетпей, бізден жасырып жүрген Айдынды айтсаңшы.
Үшеуімізді тастап, басқалармен ойнап кетті. Барып тұрған опасыздық қой онысы!..
Бәлем, ол жоқта біз көрсетейік. Сайранды салайық! – деді Коньки даурыға айқайлап.
Сол-ақ екен, оның осы сөзін Шаңғы да іліп әкетіпті:
– Айда, кеттік, достар! Сырғанақ тебе алмай, әбден зарығып, ішқұса болып жүр едім. Енді құмарымнан бір шығатын болдым. Ал зауладық!
Үшеуі бұрынғы әдеттерімен жазық алаңқайға қойып-қойып кетеді. Қыстағыдай тағы да заулай жөнелеміз деп ойлаған ғой. Міне, масқара! Үшеуі ә дегеннен-ақ көк шөпке оратылып мұрттай ұшты. Не болғандарын өздері де түсінген жоқ. Тұра салып, көздері бақырайып, бір-біріне қараған. Сонан баяғы әдеттерімен тағы ұмтылды. Тағы да үшеуі үш жаққа шақыр-шұқыр домалап кетті.
– Бұл не?..
– Бізге не болды? – десті орындарынан ыңырси көтерілген достар. Бірінің маңдайы жарылып, бірінің танауы қанап тұр. Үшіншісінің үсті-басы көгеріп қалған. Ауырған жерлерін сипалап, өздері әлі де ес жия алар емес.
– Е, білдім, – деді бір кезде Коньки баяғысындай көсемси сөйлеп. – Біз шөп өскен жерде жүр екенбіз ғой. Соған шырмалып құлап жатырмыз. Жүр, онан да ана жазыққа шығайық.
– Бәсе, бізге не болды десем... Ылғи сырғанап жүрген жеріміз. Жүр, кідірмей, солай барайық, – деп Шаңғы да сықырлап қозғала берді.


шаңғы сурет дос
Бұлар жазық алаңға шықты. Қыста мұнда мұз сіресіп жататын. Машина сирек жүретіндіктен, балалар бұл жерді сырғанаққа айналдырған еді.
Үш дос жерге табандары тимей жатып, алға қарай жарыса ұмтылды. Сол-ақ екен, шақыр-шұқыр етіп үшеуі үш жаққа ұшты. Манағы – манағы ма, жазық жерде аяқтары көктен келіп, оңбай құлады. Коньки мен Шананың табанынан ұшқын ұшып, Шаңғының қабырғасына жарықшақ түсті.
Көздерінің оты жарқ ете қалған үш дос өздеріне өздері келе алмай, біразға дейін есеңгіреп жатты. Сосын аһылап-уһілеп, әрең дегенде орындарынан қозғалған.
– Бұл не болды? – дейді бір-біріне ыңырси тіл қатып. Енді ойын ойнап, сырғанақ тебу жайына қалып, әрқайсысы басымен қайғы болып кетті...
– Тұрған бөлмемізге қалай жетеміз? – десті үшеуі де.
Бұлар қысқы сырғанақ кезінде де ылғи құлайтын. Бірақ дәл осындай ауырсынбаушы еді. Үшеуінің ішінде ең бірінші ес жиған Коньки болды. Ол үсті-басын сипалап орнынан тұрды да:
– Жалпы... Не... негізінен менің сырғанайтын жерім мұз айдыны ғой. Сондықтан...
мен айдынға қарай кеттім, – деді намысқа тырыса сөйлеп. Қасындағылардың «Қой, қайда барасың? Тағы бірдемеге ұшырап жүрерсің» дегенін құлағына да ілген жоқ.
Ілбіп басып айдынға жеткен ол ішегін тартып тұрып қалды. Айдын беті айнадай жалтырап, көкпеңбек болып жатыр екен.
– Не деген керемет! Мынау қыстағыдан да жылтыр ғой. Ал енді құйғытайыншы бір, – деді мына көрініске қатты елітіп кеткен Коньки.
Сөйтті де, жағалауға жете бере, жалтырап жатқан айдынға қойып кетті.


Сол-ақ екен, сізге өтірік, маған шын, ойда жоқ оқыс оқиға болды. Айдынға қойып кеткен Коньки суды шолп еткізіп, шым батып бара жатты. «Ой-ой!» – деп айқайлауға да дәрмені келген жоқ. Заты темір емес пе, бойын көтере алмастан, тұңғиыққа батып жоқ болды! Сөйтіп, Конькидің мұз айдын дегені су айдыны болып шықты.
Сонан Айдын кешкісін үйіне оралса, үш дос тұратын бөлменің есігі шалқасынан ашық жатыр. Еденді тырнай түскен іздер де анадайдан көзге түсіпті. Сол ізбен іздеп шығып, мертігіп жатқан Шана мен Шаңғыны тауып алады. Солардың сілтеуімен су түбіндегі Конькиді де құтқарды.
– Сендерді жазда шығармай қойғанымды енді түсіндіңдер ме? – дейді Айдын түрлері әлем-тапырық болған достарына кезек қарап. – Әр нәрсенің өз орны бар.
Қай-қайсысымыз да сол орнымызды білуіміз керек. Міне, сендер айтқанды тыңдамап едіңдер, не күйге ұшырадыңдар? Көрдіңдер ғой.
– Бұрынғының шалдары ақыл айтуға әуес болушы еді. Енді қазіргінің балалары ақылгөй, – деді аузы жеңілдеу Коньки алдымен тіл қатып. Өзінің бүгін суға батып, өліп қала жаздағаны ойында да жоқ.
– Жо-жоқ, Айдынның айтқаны рас екен! Ол келмегенде, не күйге ұшырайтын едік?
– деп, Шана кемшілігін ұяла мойындады.


шаңғы сурет
– Кешір, Айдын! – деді сәлден кейін Коньки төмен қарап. – Мен сенің сыртыңнан біраз жамандап едім. Сөйтсем, оным бекер болыпты. Білместікпен айтыппын. Бәрін бастап жүрген мен едім.
Айдын кекшіл бала емес-тін. Сондықтан ағынан жарылып, шындықты мойындаған жеңілтек досын бірден-ақ кешірді.
Міне, содан бері Шаңғы, Коньки, Шана – үшеуі жаздыгүні далаға шықпайтын болыпты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу