Өлеңдер ✍️

  22.01.2022
  113


Автор: Алма Түсіпбекова

Алас, алас жамандық!..

Сыртылдатып сабырдай сағатыңды,
Тауысты ма, мына қыс тағатыңды?
…Қарсы алады сағынып біздің ауыл,
Қасиетті әз Наурыз, жаңа күнді.

Екі мезгіл еріктен тыс бүлініп,
Қыс пен көктем бастады күшті бүлік.
Қаруланған шуақпен кербез-көктем,
Қыр басына тастады қысты қуып.

Қарсы алған соң наурыздың ақша таңын,
Әкем ертең күйттемек бақша қамын.
…Көктемгі бұлт секілді Қызыр баба,
Саумалайды жібектей ақ сақалын.

…Жібермесін жаратқан жай-кеселін,
Көңілімнің ескегін қайта есемін.
…Бала жігіт ұсынды аруына,
Жинап әкеп көктемнің бәйшешегін.

Гүлін ашып, көктемді бау мақтады,
Алас, алас, жамандық!..
Аулақ бәрі!
Қатал қыстың босанып құрсауынан,
Сылдырайды ақ бұлақ тау жақтағы.

Алыс қашып бойдағы пендешілік,
Мөлдір аспан қарайды жерге күліп.
Жер дүние жатқандай баяу ғана,
Әуенімен құстардың тербетіліп.

Ұнады ма көктемнен алған ақпар?
Көріністі ғажайып қармалап қал!
Басын иіп ару-күн келбетіне,
Бүр жарады көктемде тал-дарақтар.

«Келер күннің шырағын жақтың шырын,
Көргеніме шүкір, – деп – бақтың күнін».
Ошағына орнатып құт-қазанын,
Әжем таңнан қағады қаптың түбін.

Шашасына салтымның шаң жұқпады,
Ұлыс күні жыр менен ән құт-тағы.
Атам да жүр іліп ап иығына,
Жасыл ала шапанын сандықтағы.

Шұғыла-нұр жаныңа жиылып бек,
Бақыт тұрсын басыңа бұйырып тек!
…Наурыз көже – бас дәмге осы күнгі,
Ақ құюда ақ жеңгем иіліп кеп.

Жаратқаным жаны иіп мол-ақ берер,
Қазағымда қашаннан қомақты өнер.
…Ақ дария пейілді ауылыма,
Қонаққа кел, наурызда қонаққа кел!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу