👈 қаріп өлшемі 👉

  22.01.2022
  517


Автор: Жаңа заман ертегілері

Балалар елін бағындыру

Ерте, ерте, ертеде Балалар елі деп аталатын бір ел болыпты. Алдарына қойған ешқандай мақсаты жоқ, өзімен-өзі өмір сүріп жатқан көңілсіз ел екен. Тіпті күнделікті өмірлерінде іліп алатындай еш қызық жоқ екен. Ондай қамсыз ел қашанда басқа бір жұрттың боданына түсіп отырған ғой. Сонан күндердің күнінде Балалар елін де бір патшалық тосыннан бағындырып алады. Ол патшалықтың аты – Ойын екен. Ойын келісімен-ақ, Балалар елі бірден көңілденіп сала беріпті деседі. Айнала айқай-шу, дыр-думан, ойын-күлкі. Осы елдегі бар баланың ертеден қара кешке дейін білетіні тек ойын ғана екен. Уақыт өте келе Балалар елі бірыңғай ойынға салынып, өмірдің басқа жағынан мақұрым қалуға айналады. Есіл-дертін ойын билеген баланы көріп пе едіңіз? Мұндай бала тіпті тамақ ішіп, бір ауық жүрек жалғау керектігін де ұмытады екен.


 


 




 


Аудио нұсқасы


 





 




 


Ата-аналар әрі-бері ақылдасып, «Енді не істесек екен?» деседі. Сөйтіп, олар орталарына Еңбекті шақыртыпты. Сол-ақ екен, Балалар елінің тіршілігі жаңадан жанданып қоя беріпті дейді. Балалар бір мезгіл ойнаса, бір мезгіл еңбек етіп, үй ішіне көмектесіпті. Нанның дәмін сезіпті, оның дастарқанға қалай келетінін түсініпті. Атаананың қадіріне жетіпті. Бұл ел өміріндегі ерекше жақсы бір кезең болған екен


 


Осылайша уақыт өте беріпті. Бірақ сонда да ел тіршілігіне бірдеңе жетіспейтін сияқты болады да тұрады. Ата-аналар әрі ақылдасып, бері ақылдасып, жетіспейтін нәрсенің атын Оқу деп тауыпты. Өйткені балалар ойын ойнап, шынығып, еңбек етіп, өмірге бейімділік танытқанымен, айнала қоршаған ортаның, таңғажайыпқа толы өмірдің сырларын түсінбейді. Табиғат құпиясын білмейді. Өмір сүруді қалай жеңілдету керек, ол жағынан да мүлде бейхабар.
Сонымен енді көмекке Оқу елі келіпті. Ойын мен еңбекке жіберетін уақыттың біразын балалар енді оқу оқып, білім алуға бөліпті. Енді балалар өмірі тіпті қызықты бола түсіпті. Өмірдің құпия сырын меңгеріп, біліммен қаруланған олар ересектердің шаруасына да араласыпты.
Ал Оқудың Кітап деген атасы бар екен. Өзі бір көзәйнек таққан қайырымды қарт көрінеді. Тыным таппай, елді аралап жүрген оны балалардың көпшілігі ұнатып қалады. Балалар кітап арқылы білімге құштар бола түсіпті.


 


Мұнан кейін күні бойы кітап оқып, қажыған баланы сергіту үшін тағы бір мейірбан ел жәрдемге келеді. Оның аты Спорт екен.
Спортпен тұрақты айналысқан баланың денсаулығы мықты, көңіл күйі сергек, денесі сымбатты болыпты. Оны көріп, Өнер есімді сұлу бойжеткен де жас ұланды баулуға белсене араласып кетеді. Әр жерде ән шырқаған, күй шертіп, би билеген Балалар еліндей ел, әй, дүние жүзінде болмаған шығар!
Бұл бір Балалар елінің кемеліне келіп, гүлденген дәуірі екен. Өйткені Ойын, Еңбек, Оқу, Өнер, Спорт, Кітап – алтауы балаларды кезек-кезек қағып әкетіп, тек жақсылыққа қарай жетелейді де отырады. Бұл алтауы елдің ең сүйіктілеріне айналады. Олар да балаларды керемет жақсы көреді екен. Кейде тіпті «мен алам», «жоқ, енді мен алам»
деп, өзара таласып қалып та жүреді.


 


Сөйтіп жүргенде Балалар елінің батыс жағында, бұрын жұрттың көзіне түспеген, өзгеше бір тайпа пайда болады. Өзі бұрын балалар тұрмақ, ата-аналардың да түсіне кірмеген оқшау тайпа екен. Адамдары шетінен алғыр, өжет көрінеді. Әлгі тайпа қалай пайда болды, дереу солай айналасын жаулап алуға кірісіпті. Өздері өжеттегімен қатар, қатыгез әрі айлакер екен. Сондықтан болар, аз уақытта-ақ шекарасын кеңейтіп, әлгі тайпа іргелі елге айналыпты. Әлемнің түпкір-түпкірін тайынбай жаулап ала бастайды.
Бағындыру тәсілін дәл осындай жақсы меңгерген елді тарих бұрын-соңды естімеген көрінеді.
Олар Балалар еліне келіпті де, оны оп-оңай басып алыпты. Олардың бұндай алғырлығын көріп, Ойын да, Еңбек те, Өнер де, Спорт та, Кітап та, Оқу да қайран қалыпты. «Бұл қайдан шыққан керемет! – дейді олар өзара күбірлесіп. – Мынаның екпіні тіпті тау жыққандай ғой. Бүйте берсе, білмеймін, түбінде ел іргесі бүліне ме деп қорқамын».
Бүкіл әлемді бір оқ шығармастан жаулап алған бұл құдіретті елдің аты Теледидар екен. Алғашында адамдар Теледидарды тек жеке мұқтаждығына бола жасаған екен.
Ал ол болса келе-келе Балалар елін бағындырумен айналысып кетеді. Теледидардың түпкі ойы алдыңғы алтаудың мақсатынан бөлек еді. Бірақ ол ойдың қандай екенін, өкінішке орай, ешкім білмепті.


 


Әр үйге аттан салып, ұрандай кірген Теледидар төрге шығып, ыңғайлы жайғасыпты. Сосын әй-шәйға қарамастан, балаларды шетінен тұтқындауға кіріскен. Мұздай құрсанып, жалт-жұлт екен темір ештеңеге құлақ асар емес. Бала біткенді мұрнынан тізіп тұтқындап жатыр.
Мұндай қысылтаяң сәтте ежелден келе жатқан ескі достар қол қусырып қайдан тұрсын! Шетінен пенде болып, қамалып жатқан ұландарды арашалау үшін Ойын да, Еңбек те, Өнер де, Спорт та, Оқу да, Кітап та тұра ұмтылды. Әрқайсысы Теледидар алдында тізерлеп қалған ұлдар мен қыздарды қолынан тартқылап әбігер. Бірақ Теледидар деген – ешкімге бой бермейтін, қайраты жойқын, мінезі қатты пәлекет болып шықты. Ентелеп келген алтауды алқымынан алып, беттетер емес. Бұл ешкім күтпеген оқыс қылық еді. Арашаға келген мейірбан жандар сең соққан балықтай, бастарын ұстап дағдарып қалады.
– Масқара болдық қой әбден! Бұл не сұмдық! – депті шыдамсыз Ойын күйзеле сөйлеп.
– Бір кезде, осы Балалар еліне мына Кітап ақсақал келгенде, біразымыз ренжіп жүрдік. «Балаларды Еңбектен, Спорттан, Ойыннан айырып, Кітап жарықтықтың бұнысы несі?» дестік. Сөйтсек, Кітаптың зиянынан пайдасы көп екен ғой. Соның арқасында балалар талай нәрсені түсініп еді. Мына Теледидарыңның қасында енді Кітаппен жылап көрісетін болдық, – деді Еңбек те басын шайқап.


 


– Осының бәрін шығарып жүрген – сол Кітабыңыз бен мына Оқу, – деді Спорт сері ашулана қабағын түйіп. – Еңбек ағайын, сіз де бұл істен шет емессіз.
Мынадай байламды естіп, өзгелері қозғалақтасып қалған екен. Спорт өз сөзін былай дәлелдепті:
– Бері қараңыздаршы өзі. Теледидарды ойлап шығарған сіздер ғой, Оқу мен Кітап.
Оларға көмектескен Еңбек екені де рас. Ендеше неменеге күмілжи қалдыңыздар?
Спорт қойған кінәні мойындай келіп, үшеуі:
– Оның рас, Спорт бауыр. Бірақ бұл бәле Балалар елін жаппай бағындырып алады, сөйтіп өзімізді шеттетіп тастайды деп кім ойлапты? «Өзім асыраған күшік өзімді балағымнан қапты» деген осы-ay! – депті кемеңгер Кітап жерге қарап күрсініп.


 


Бұл уақытта Теледидар елінің үлкен жиналысы өтіп жатқан. Онда шығып сөйлеушілердің барлығы да алдағы уақыттағы жағдайды қызу талқыласып еді. Сын мен өзара сын да мейлінше қанат жайған.
– Аз уақыттың ішінде көп жұмыс тындырғанымыз рас, – дейді жиын алдына шыққан Теледидар елінің патшасы. – Бірақ соған бола тоқмейілсіп қалуға бола ма?
Біздің алдымызда әлі қыруар шаруа тұр. Біздің мақсатымыз – Балалар елін толық бағындырып, шашау шығармай, тегіс тұтқындау. Арамызда бұл жауапты іске мән бермей, жайбарақат жүріп алғандар да бар. Ондайларға шара қолдану керек.
Мақсатымызды тез іске асыру үшін не істегеніміз жөн? Алдымен хабарларды қызықты ету керек. Эфирді мультфильмдер мен көркем фильмдерге толтырып тастайық.
Рас, есейіп қалған балаларды құр мультфильммен алдап түсіре алмайсың. Адамның жанын түршіктіріп не болмаса делебесін қоздырып, бас айналдыратын хабарларды көбейтпесе болмайды. Қолымызда не бар, бәрін жаппай жауып жіберейік. Ақ және қара түсті экран дегенді қою керек. Тегіс түрлі түстіге көшіңдер.
– Сонымен бірге, қымбатты туғандар, – деді Теледидар патшасы даусын бәсеңдетіп. – Сендерге айтар керемет бір құпия болып тұр.
– Ол қандай құпия? – деп шу ете қалыпты отырғандар.
– Айтайын. Тек дымдарың іште болсын. Тісінен сөз шығарған Теледидардың басы кетеді. Менің бұл айтқалы тұрған құпиям бізге сөзсіз жеңіс әпереді. Иә, сөйтеді. Ол бір өте сенімді әрі нәтижелі тәсіл... Міне, тыңдаңыздар!..


 


«Қой, бүйтіп қарап отыра берген болмас. Әрекет қылып көрейік», – десті алғашқы алтау өзара ақылдасып. Сонан кейін дереу іске кіріскен. Ең алдымен Ойын орнынан тұрды. Ол Теледидар алдында отырған балаларды жұлқылап көшеге шығаруға тырысты. Күні бойы әуреленіп жүріп, тұтқыннан босатып алғаны – санаулы ғана бала. Еңбектің босатқаны тіпті аз болды. Оқу мен Кітап та жандарын салып көріп еді, ақыры өздері шаршап тынды. Спорт пен Өнердің талпынысы да онша нәтиже бере қойған жоқ.
Алтау енді не болса да Теледидарлар патшасының өзімен сөйлесіп көруге бел байлады. Жақындап келіп, сыр тартып байқап еді, тіпті бет бақтырар емес. Тілі мен жағына сүйеніп, сөз бермей, сайрап тұр:
– Балалар елі қаншама ғасыр бойы сендердің иеліктеріңде болып келді емес пе? Кім сонда қыңқ деп үн шығарды?! Ал менің пайда болғаным кеше ғана. Соған қарамастан, шеттеріңнен дүрсе қоя бердіңдер. Соншалықты менің жазығым не?


 


– Балалардың бәрін алдап қолға түсірдің. Сенің осы қылығыңның салдарынан, міне, абыройдан айырылдық. Тіпті балалардың алдында ең беделдіміз – Ойын екеш Ойынның да құны түсіп барады. Бала – бала болғалы мұндай сұмдықты кім көріп еді? – десті шағым жасаушылар.
– Әй, Алтау! – деді Теледидарлар патшасы ызғарлана сөйлеп. – Бұрын алтауың жабылып атқарған сонша жұмысты қазір жалғыз мен атқарып отырмын. Құдайға шүкір, қолдарыңды босаттым. Осы бала деген немеге соншама неге қызығасыңдар? Балалар елі шетінен жеңілтек, тентек біреулер. Өздерің қараңдаршы, қазір Өнер де, Еңбек те, Оқу да, Спорт та, Кітап та, Ойын да мына менің бетімде, яғни экранда. Одан артық не керек енді?
– Ал сонда бізге не істе дейсің енді? – деді шыдамсыздау Ойын ойланып жатпастан.
– Не істейсіңдер? Енді демаларсыңдар. Барыңдар, бас қатырғанша сөйтсеңдерші, – деді патша арсыздана күліп.
Оның айтқаны мүлде негізсіз емес еді. Теледидардың арқасында балалардың түсінігі кеңейіп, ұғымдары ұлғайды. Әлемдегі көп нәрсені көзбен көргендей таныпбілетін болды.
Екінші жағынан...


 


– Біздің астыртын ойластырған мақсатымыз орындалып келеді, – дейді Теледидар патшасы келесі жиналыста. – Балаларды алдап, байқатпай жасаған қастандығымыз жаман емес. Біз келгелі бұл елдегі көзі нашар көретіндер – үш есе, ал жүрегі, басы ауыратындар төрт есе өсті. Соның бәрі біздің қызықты хабарларымыздың әсері. Бала бізді ентелеп көре түскен сайын, оның денсаулығы да нашарлай бермекші. Балалар елінде ұмытшақтықтың көбеюі ненің әсері деп ойлайсыңдар?
– Әрине, біздің, – деді бірнеше дауыс қосарласып. – Олар сабақты да тез ұмытып қалатын болады.
– Дұрыс. Енді әлгі мүлде құпия шаруаның жайына келейін.
– Иә, соны айтшы. Ол не еді?
– Ол былай. Сендер, өздерің де байқамастан, үлкен шаруа тындырып жатырсыңдар.
Балалардың денсаулығын құртатын тағы бір қуатты құрал қолдарыңда.
– Қандай? – деді таңырқаған Теледидарлар.
– Ол – рентген сәулелері. Қалыпты Теледидар қалыпты жұмыс істеп тұрған кезде сағатына ноль бүтін мыңнан екі микро-рентген сәуле шығарады. Ал бала он жыл бойы үзбей Теледидар көрсе ше?.. Бұл – ауруға апаратын тура жол. Яғни он жыл бойы бізді тамашалаған баланың ешқайсысы алдымыздан сау кетпейді. Өмірлері қауіпке ұшырайды.
– У-р-а-а! – деп айқай салды жиында отырғандар.


 


– Тоқта! Шуламаңдар! – деді аузын баса қалған патша. – Өте құпия, мемлекеттік құпия деп ескерттім ғой сендерге. Енді Балалар елінің тұрғындарын мүлде ес жиғызбау үшін жаңадан шыққан тағы бір тайпамен одақтасып жатырмыз. Ол өзі біздің қандас туысқанымыз болып шығады.
– Ол қандай туыс? – деп шуылдасты басқалары.
Осы кезде патша есік жаққа қарап:
– Әй, Компеке, кір енді! – деп дауыстап жіберіпті.
Сол-ақ екен, есіктен сырт нұсқасы Теледидарға ұқсайтын, жылтыр бет біреу табалдырықтан аттай береді.
– Танысып қойыңдар, туысқандар! – деп барқырай дауыстады Теледидарлар патшасы.


 


– Бұл – тегі бір қандасымыз Компьютер мырза!
Жұрт тағы да сартылдата қол соқты. Компьютерің Теледидардан да өтіп кеткен қауіпті әрі айлакер болып шықты. Теледидардың айтқанына көнбей, бағынудан бас тартқысы келгендер енді күні бойы Компьютерді жағалайтын болды.
Ол да бір ерінбейтін пәле екен, бала біткенді мұрнынан тізілген шабақтай етіп, тура өз алдына көгендеп қойыпты. Оның бұл әрекетіне әбден риза болған Теледидарлар патшасы Компьютерді мақтау қағазымен марапаттаған екен дейді.
 Салтанатты жиынды:
– Біз біріксек, ешқандай жау ала алмайды. Мәселеге Компьютер араласты дегенше, іс оңынан туды дей бер. Енді күш біріктіре отырып, Балалар елінің ту-талақайын шығарамыз, – деп қорытыпты Теледидарлар патшасы.
Оның айтқаны айдай келіп, шындыққа айналды. Емхана алдында бала жетектеген ата-аналар уақыт өте келе көбейе түсіпті. Әр түрлі дерттен әлсіреген жеткіншектерде өңтүс жоқ. Олардың неден ауырғанын ата-аналары да онша түсінер емес. Балалар елінің берекесі кете бастағанын көріп, Теледидарлар патшасы миығынан күліп, Компьютер мырзаның қолын қысып-қысып жіберіпті деседі.
Ең қиыны – Теледидарлар тайпасының Компьютерлер елімен неге тізе қосып, біріге қимылдап жүргенін ешкім байқамай қалыпты. Екеуінің түпкі пиғылын балалар да, ересектер де әлі түсінбей жүрген көрінеді. Оны сол алғашқы алтаудың қатарына қосып жүргендер де жеткілікті.
Ал Ойын, Еңбек, Өнер, Спорт, Оқу, Кітап – алтауы бірігіп, Балалар елін қалайда Теледидар мен оның одақтасы Компьютер атты басқыншылардан тазарту қамында.
Бұндай игі ниетті жүзеге асырудың сәті қашан түсетінін кім білсін?!


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы