Өлеңдер ✍️

  21.01.2022
  83


Автор: Сайлаухан Нәкенов

Қалауынан жүректің қайта алмадым...

Қалауынан жүректiң қайта алмадым,
Мен өзiңдей күн iздеп, ай таңдадым
Өлiп-өшiп сүйсем де, жан сезiмiн
Айта алмадым, қалқажан, айта алмадым.
Сен өмiрге өзiңдi еркелеттiң,
Өзге қыздан өзiңдi көркем еттiң.
Жалғыз ауыз сөзiңмен елжiретiп,
Оттай ыстық лебiңмен өртеп өттiң.
Бір ауылға сен өзiң сән боп өстiң,
Кешке тостым жолыңды, таңда тостым.
Айта алмадым сонда да, айта алмадым,
Айтылмаған арманды әнге қостым.
Алданбапты арманым, алданбапты,
Сақтап жүрем өзiңнен алған хатты.
Сенiң сөзiң – мен үшiн зәмзәм суы,
Сенiң сөзiң мен үшін балдан тәттi.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу