Өлеңдер ✍️

  21.01.2022
  138


Автор: Сайлаухан Нәкенов

Думан дала

Тойлар деген бұл жерден тарқамайды,
(Өте салар жиын ба әрқалайғы?)
Бәстескенде, даланың балуандары
Атандардың өзiн де арқалайды.
Той болған соң тамаша шаттығы бар,
Балалар да бәйгеге қатты құмар.
Желаяқтар бастаса жаяу жарыс,
Көкпар тартып кетедi аттылылар.
Іңкәр етiп жүзiнiң нұр-алауы,
Талшыбықтай сұлулар бұралады.
Аққулардай қалықтап барып-барып,
Бақайының басымен тұра алады.
Күн құшады көңiлдер, ай құшады,
Көтерiлiп аққулар, қайта ұшады.
Сол бiр сәтте өнерпаз өжет жiгiт
Таңдап жүрiп бiр қызбен айтысады.
Ақын – ақын болған соң, осы бағы,
Аңқау айтқан айтыстан тосылады.
Сыбызғысы сезiмнiң сайрап тұрып,
Барлық өнер бір жерге қосылады.
Жұлдыз туа үлкендер тарасады,
Кешкi сауық ауылдан әрi асады.
Түн болса да бәрiбiр, түн болса да,
Думандатқан далаға жарасады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу