Өлеңдер ✍️

  21.01.2022
  98


Автор: Сайлаухан Нәкенов

Асығып жүр жайлауға

Ең алғашқы иiрiм,
Ең алғашқы жауында
Ақбоз айғыр үйiрiн
Айдап келдi ауылға.
«Ал, алдынан шығыңдар», –
Деп тұр қария Байбақты.
Күзде кеткен құлындар
Терлiк салар тай бопты.
Жүгiрiстi жылқыға,
Бiрiн-бiрi жұрт ертiп.
Тұмса туған қулықтың
Екi емшегi тұр тертiп.
Шопан жiгiт асығыс,
Жұмысы жоқ басқамен.
Керегенiң көздерiн
Тартып жатыр таспамен.
Қаз, үйректi қоса атып,
Көл жағалап жүр атам.
Арқа-басын босатып,
Күлде жатыр бір атан.
Ішкен асың татыр ма,
Бұл ауылға келмей гөр.
Сүр жайып жүр шатырға
Сары қарын жеңгейлер.
Сары қымызды күткендер
Құмар бие байлауға.
Қыз-бозбала бiткендер
Асығып жүр жайлауға.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу