Өлеңдер ✍️

  21.01.2022
  103


Автор: Сайлаухан Нәкенов

Көлдегi түнгi сурет

Жүрегiңдi сырға бөлеп, нұрға орап,
Айлы түнге тұрсақ егер бiр қарап,
Ақ айдынға көк аспанның өзiнен
Ақ сәулелер түсiп жатыр сырғанап.
Қанаттары сыңғыр-сыңғыр еткендей,
Бiр топ үйрек көлдi сипап өткендей.
Ақ сәулемен шағылысқан толқындар
Жарқ етедi маржан шашып кеткендей.
Сирақтарын бір шығарып, бір малып,
Жағадағы қамыстар тұр ырғалып.
Шабақтарды шырылдатып, секiртiп
Су астында бiр керемет жүр балық.
Апыр-ау, бұл толқын қуса толқынды,
Айлы түнде құлпыра ма көл түрлi.
Кеудеме де сан сурет толтырды...
Қас-қағымда күнбатыстан жел тұрды.
«Суреттердiң бәрi ендi күйрейдi»,
Деген ойлар бүйiрiмнен түйрейдi.
Толқын – қызды
Жел – жiгiтi қолтықтап,
Жартастардың арасына сүйрейдi.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу