Өлеңдер ✍️

  21.01.2022
  106


Автор: Сайлаухан Нәкенов

Есен әуендері

Ерке толқын, алсаңшы бiр, ей, тыным,
Жағаң – жасыл табиғаттың көрмесi.
Есенбойы дейтұғын
Атышулы жер ме осы?!
Сұлулықты көрмегендей сiрә да,
Неге, менiң қызыл тiлiм, байландың?!
Есен болсаң, сен: «Кiмсiң?» деп сұрама,
Қасиеттi топырағыңнан айналдым.
Алты күнде ат семiрткен аймаққа
Келiп едiм iңкәр болған сезiммен.
Тамашалап қарасам да қай жаққа,
Мың бiр сурет көремiн мен өзiңнен.
Қорқыттың да қобызынан күй сiңiп
Қалған дейдi толқыныңа, құраққа.
Асан қайғы iздеп келiп, сүйсiнiп,
Қона жатқан екен дейдi бiр апта.
Айхай, Есен, сұлулықтың сөзiмен
Асан қайғы бабамды да қинапсың.
Әкетейiн десе сенi өзiмен,
Өңгеруге алдына да сыймапсың.
Асан қайғы әрi ойлап, берi ойлап,
Амалсыздан арманынан тартынған.
Сонда-дағы көп тұрыпты қарайлап,
Есен өзi жүгiрер деп артынан.
Қимағандай асқар тау мен майсаңды,
Жүгiрмепсiң, болмаған соң қызба леп.
Сонда баба өзiне-өзi ой салды:
«Сарыарқаның салтанатын бұзба» деп.
Сонда-дағы қарай-қарай толғана,
«Саған қоныс салармын» деп бекiптi.
Ғұмыры аз, жолы ұзақ сол баба,
Әттең, қайта бiр көре алмай кетiптi!
* * *
Пай, пай, шiркiн, айтса айтқандай екенсің,
Бас-аяғың ұлан-байтақ екi елсiң.
Халқың айтар «Ерке Есен» деп әндетiп,
Қане, кiмге мекенсiң?
Ерке толқын, өзiң айтшы ой тыңын,
Асаулығың болып па едi ер досы?!
Есенбойы дейтұғын
Сәкен туған жер ме осы?
Шiркiн, дала батырларға бай қандай!
Ақындар да қатар қанат жайғандай.
Екеуiн де бiр Сәкенге сыйлапсың,
Бiр Сәкендi жаратыпсың ай маңдай.
Сол ұлыңды сен ғашық боп қарсы алып,
Жүгiрiпсiң дүниеге жар салып.
Содан былай сен өзiң де жыр жазып,
Сәкен болып тұрғандайсың ән салып.
* * *
Суыңды iшсе желмаясы Асан қайғы әкемнiң,
Толқыныңмен тербетiпсiң тал бесiгiн Сәкеннiң.
Соның үшiн бүгiнгi ұрпақтарыңның
Саф алтындай сағынышын әкелдiм.
Өне бойым өртенгендей, орман болып тұр шулап,
Ерке Есен, шөлiмдi мен басайыншы сусындап,
Толқындарың толқиды ғой шәлiсiндей қыздардың,
Сыңғырлайды аққулардың қанатындай сусылдап.
Ар бол, Есен,
Сәкенiмдей сезiнiп ем, көз көрдi,
Көзiме жас, көмейiме сөз келдi.
Аккуың жоқ... Аңсаймыз-ау қайта келмес көздердi,
Сенiң мына толқының да талай-талай өзгердi




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу