Өлеңдер ✍️

  21.01.2022
  95


Автор: Сайлаухан Нәкенов

Шежiре шал

Жолын кессең, тiксiнiп танданады,
Танымаса, көзiнiң алдағаны.
Сәлем берсең, қуанып, «Нұр жаусын» деп,
Сәлемдеспей өткенге шамданады.
Ата десең, шаңқылдап ашылады,
Жақұттары жанының шашылады.
«Үйге жүрiп, дәм татып кетсеңшi» деп,
Көшеде де қолқа сап асылады.
Арайланып ақ ниет атырабы,
Жайқалады көңiлдiң жапырағы.
Қонар болсаң, бұл қартың қуанады,
Әңгiмемен ақ таңды атырады.
Қалжыңға да ақсақал алдырмайды.
Шешендiкке келгенде шалдырмайды.
Жыраулардан бастаса жырдың басын,
Айтылмаған бір ақын қалдырмайды.
Төгiледi шежiре тағы-тағы,
Талай елдi қария танытады.
Фарабиден Шоқанға жеткен шақта
Омыраудың түймесiн ағытады.
Тыңдай бiлсең, аузына қаратады,
Түрлі-түрлi шөптiң де бар атауы.
Ұланғайыр ғажайып дүниенi
Он сегiз мың ғаламнан таратады.
Қалай-қалай жаралған байтақ аймақ,
Дариядай қария айтады ойлап.
Шаршағанда қырандай дүр сiлкiнсе,
Кәрi жанар кетедi қайта жайнап.
Өткенiне қария ау салмайды.
Ел ерлiгiн айтқанда ал, самғайды.
Жиырма ғасыр тудырған тарихты
Шежiре шал бiр күнде тауыса алмайды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу