Өлеңдер ✍️

  21.01.2022
  111


Автор: Сайлаухан Нәкенов

Қазақстан

Оңайлықпен келмеген мынау өмiр,
Талай-талай жығылған құлан – ерің.
Дауылпаздар дауысы саңқылдамай,
Қиянаттан мерт болған Құлагерiм.
Шырқамаған шаттана бұлбұл да әнiн,
Ақ Баяндар бiлмеген бұл күн барын.
Жалшылықта жарты аяқ шалап үшiн
Дүниеден өтiптi дүлдүл дарын.
Бай тақымы кедейге батып өткен,
Әйелiн күң, қыздарын қатын еткен.
Қараңғыдан шығуға жол таба алмай,
Шоқан менен Абай да қапы кеткен.
Ұлы заман ертеңге ғашық қылған,
Есеюге сәбидi асықтырған...
Амангелдi, Әлiби, Сәкен болып,
Қуаныштан кең дала тасып тұрған.
Тасып тұрған кеудесi мақтаныштан
Көкорай бел, көгiнен аптабы ұшқан.
Байқоңыры бiрiншi озып келген
Космостық алты қабат аттаныстан.
Ұлы заман кеудеңде қоймас қайғы,
Қазақстан әлемге ой тастайды.
Ақ Жайықтан Алтайға ат шаптырып,
Асқақ тұрып Алатау той бастайды!


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу