Өлеңдер ✍️

  21.01.2022
  171


Автор: Сайлаухан Нәкенов

Ғасырлардың архиві

Төбең бұлт, төскейiңде қарлы қысың,
Армысың, дарқан далам, арлымысың!
Аталар қаламсыз-ақ қалай-қалай
Өзiңе жазып кеткен барлық iсiн?!
Не керек өлшеу үшiн безбен берiп.
Шешендер қамал соққан сөзден берiк.
Мен бәрiн оқып келем ұлылықтың,
Бәрiн де құрылықтың көзбен көрiп.
Жер-жаһан от-нажағай оранса да,
Батырды құшағына көр алса да,
Қайтпаған кек қалмапты құла дүзде,
Жебе жоқ атылмаған қорамсада.
Атаның ақ батасын ұраншы алған,
Сол күндер бiр биiктей мұнар шалған.
Көзiме елестейдi сол мұнардан
Боз атты бозбалалар қыран салған.
Сарыарқа сол сағымға аймалатқан
Алатау асқақ қарап, ойға батқан...
Аталар желмаямен Мысыр барып,
Тұлпармен Түркiстанда тойға шапқан.
Аталар аңқаулығын бiлiп те өткен,
Құдайдың қаһарынан бұғып та өткен.
Сондықтан бар ғылымды жиып алып,
Астына Отырардың тығып кеткен.
Салсын деп сол жұмбаққа бар ми күшiн,
Бiздерге қалдырыпты әрқилы сын.
Ақ далам – академиясы бабалардың,
Қаншама ғасырдың да архивiсiң.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу