Өлеңдер ✍️

  21.01.2022
  108


Автор: Сайлаухан Нәкенов

Ақ арман – арғымақ

Астымда ақ арманым – арғымағым,
Келеді жапалақтан үркіп өтіп.
Тарқатып ақын көңіл бар құмарын,
Ауылын өлең-қыздың дүркіретіп.
Ауылын өлең-қыздың тамсандырып,
Ақ арман – арғымағым, ойнақтай бас.
Әлемге осы түнде ән салдырып,
Әлемді ойландырсын оймақтай бас.
...Ей, көңіл, құсбегі едің құсқа қанық,
Көрдің бе, көп түңлік қалыпты ашық.
Ішінен бір аққуын ұстап алып,
Кетейік оңашаға алып қашып.
Ұрынсақ, қас сұлуға ұрынайық,
Кетейік ақындарды қызғандырып.
Төсінде жұмыр жердің зымырайық,
Құйрықты жұлдыздардай із қалдырып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу