Өлеңдер ✍️

  20.01.2022
  238


Автор: Арман Шеризат

Аңшы

Желпініп ұшса тосар желге маңдай,
Көз тояр құстар қалды көлде қандай?
Кей сәтте қансырайды ет жүрегім,
Ажалы аңшы оғынан келген аңдай.
Көңілдің көзден оқыр күйінішін,
Ақындық сен де еркіндік киігісің.
Абайла, тойынған ел ермек етіп,
Арқарды атып алған мүйізі үшін.
Тауымда тұрмаса егер қасқыр ұлып,
Рухым қалатындай бастырылып.
Төліне араша боп жылар кейде,
Көзіне табиғаттың жас тығылып.
Тірі аңның тымақ жасар терісінен,
Қандай өкпе айтасың ел ісіне...
Тағыдай түзде жортқан тіршілік-ай,
Сауданың түсіп кеткен бөлісіне.
Иесі тіршіліктің болсақ та бар,
Киесі атқан аңның жоқтап табар.
Ей,аңшы қоя тұршы мылтығыңды,
Жүрегі жер-ананың тоқтап қалар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу