👈 қаріп өлшемі 👉

  Өлеңдер ✍️

  20.01.2022
  32


Автор: Арман Шеризат

Қоңыр төбел Қондыгердің....

Қоңыр төбел Қондыгердің жұртынан,
Болмысымды көрдім, аға, жылқыдан.
Өткенімді өлтіретін түрі бар,
Көз алдымда көлкілдеген сұр тұман.
Бабам асыл болған екен бек түздік,
Шекара асып, біздер қанша шеп бұздық ?!
Жаныма еніп тамырымда тулады,
Тар кеудемнің ішіндегі шексіздік.
Құлдығымның бұза алмасам құлыбын,
Өмір, өлім онда маған бір ұғым.
Шеңберіне сыйдырып тұр ғаламды,
Шаңырақ — күн жерге жайып уығын.
Өмір, өлең парқын кім бар өлшеген?
Екі әлемнің ортасында теңселем.
Жаза басып кетпесе екен үзіліп,
Жар мен жанды жалғап тұрған елші — өлең.
Өзіме-өзім дұшпан болған шерлімін,
Шыңғыстауда қалып койды кеңдігім.
Туған жердің өзеніндей сарқылам,
Өлеңіме сыйдыра алмай ел мұңын.
Мазасыз ой түндерде есік қақпағын,
Өз-өзіме ашылмаған қақпамын.
Ар жолында азап шеккен пендеге,
Армандаудан басқа еркіндік таппадым.
Көңілде құл, оны арбаған көзде құл,
Жүйесі өліп, киесі ұшқан сөз жеңіл.
Сатылмайтын, бас ұрмайтын ақшаға,
Өмір жасап алсам ба екен өзге бір?!
Қайран өлең, қасиетінде қалған нәр,
Толған өксік, болды бүгін толған зар.
Әр сөзіңді өлшейді әлі заңменен,
Өнерді де саясат қып алғандар.
Тірі болсақ бір жетерміз көктемге,
Жерді мәңгі тұрақтаған жоқ пенде.
Аңыз болып ақын қалар артқыға,
Жалған өмір ақиқатқа көшкенде.


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы