Өлеңдер ✍️

  20.01.2022
  119


Автор: Арман Шеризат

Ақ боран

Ақ боранда адастырып ақпан — қыз,
Қарт Ертістің кеудесіне қатқан мұз.
Ақ кебіннің қалған екен астында,
Жапырақтың көркін тойлап жатқан күз.
Жоғалтқанын жүрген сынды жел іздеп,
Бұлт көшіріп шайқалады теңіз-көк.
Қарт Ертістің қасіретті жүрегі,
Мұз астында бұлқынады ем іздеп.
Қатал қыста адастырған қыз — ақпан,
Құтыла алмай тағдыр салған сызаттан.
Тереземе өлең жазып түнімен,
Кірпігіне мұз қатады ұзақ таң.
Ертіс енді оянғанда сәл мызғып.
Кетеді ақпан қара жерді қар-мұз ғып,
Жүрегіме маза бермей менің де
Кей түндерде оятады жалғыздық.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу