Өлеңдер ✍️

  20.01.2022
  128


Автор: Арман Шеризат

Санамдағы сансыратқан сан сұрақ....

Санамдағы сансыратқан сан сұрақ,
Қараңғыдан шыққан мені аршып ап.
Адастырмай алға бастап келеді,
Ақ арманым ай бетіндей жарқырап.
Жанарынан жан тербеген түн — қыздың,
Жүрегіме түскен екен жұлдыз — мұң.
Құс жолынан киіп тұрған күміс тәж,
Сезім тұнған аспанымыз — бұл біздің.
Нәзіктікті сала алмайтын қыл қалам,
Бояусыз-ақ, сезіндірді гүл маған.
Іңкәрліктен тұрады екен бұл өмір,
Ізгіліктен тұрады екен бұл ғалам.
Көңіл нұрын төккен саған көз үнсіз,
Өмірімнің мәні болмас өзіңсіз.
Сені сүймей қалу үшін, жарығым,
Бұл кеудеге жүрек керек сезімсіз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу