Өлеңдер ✍️

  20.01.2022
  119


Автор: Арман Шеризат

Мерғали Ыбыраевқа

Жидебайдай пір тұтып, жыр Меккесін,
Бастап кетті бір ақын дүрмек көшін.
Қарауылдан аттанды қара салмай
Қара өлеңнің шылбырын сүйреткесін.
Бір көмбеге ұмтылған ғасыр атты,
Қамсаған жыр асаудай басы қатты.
Тұлпар жырдың басына құрық салмай,
Қойнауына даланың қосыла ақты.
Қосыла ақты сол ақын ажырамай,
Қара өлеңді пiр тұтып қазынадай,
Тірлігінде ешкімге бас имеді
Бары да Абай, деп біліп бағы да Абай ...
Жүрек қатса — сезімнің жұқарғаны
Ақын қанша мұң кешті мұқалмады.
Адам жолын кеспеген періштені,
Ажалдың да аузы жұта алмады ...
Төмендемес қырандай қияндағы,
Атақ сұрап ешкімнен сый алмады.
Өлеңіне сыйдырған өмірді іздеп,
Әлеміне аттанды қиялдағы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу