Өлеңдер ✍️

  20.01.2022
  139


Автор: Арман Шеризат

Қара өлеңнің бұлты (ақын ағам Қалқаман Саринге)

Қарауылда қалың орман жоқ бүгін,
Қара жонда көрсететін шоқтығын.
Содан ба екен іргесінен жел үрсе,
Қоңыр сайдан естіледі қошқыл үн.
Қарауылда қалың елдің мұңы бар,
Мұңнан ғана туады екен ұлылар.
Жасынындай жан отымен өртенер,
Ақынындай бұл даланы кім ұғар?
Қарауылда ақпайды өзен күркіреп,
Зарыққан ел ақ жаңбырды жүр тілеп.
Сағыныштың ыстық жасын төгуге,
Қасқайып тұр қара өлеңнің бұлты кеп.
Ақын аға, жыр нөсерін төк бүгін,
Есіл бойы есіл өтті көп күнің.
Қарауыл — бұл құшағы ыстық өз анаң,
Көтер көкке көңіліңнің көк туын.
Төгіле жау, егіле жау жауғасын,
Қасиетінен қара шалғын қауласын.
Қара өлеңмен қалың елді бір тербе,
Қара шалдың әруағы аунасын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу