Эсселер ✍️

  20.01.2022
  225


Тәуелсіздік – ел тірегі

Тәуелсіздік - әрбір адамның, әрбір ұлттың басты байлығы. Туған елің, ана тілің, әлем елдерімен терезесі тең өз мемлекетің болғанға не жетсін?! Еліміздің еркіндігі үшін көптеген батырларымыз жанын құрбан етті. Ата-бабамыз  еркін ел болуды ғасырлар бойы аңсады. Тарихқа көз жүгіртсек ұлтымыздың тамыры тым тереңде екеніне көз жеткіземіз. Қаншама қиындықты бастан өткеріп, қиян-кескі соғыс  пен ашаршылықты, неше түрлі ауыртпалықтарды жеңіп шығып бүгінгі күнге қол жеткізген еліміздің ерлігіне сүйсінеміз. Осындай елдің перзенті екенімді сезінген сайын бойымды мақтаныш сезімі билейді. Сондықтан біз үшін Тәуелсіздік деген сөздің қадірі ерекше.


1991 жылы Кеңес одағының құрамынан бөлініп, өз шаңырағымызды көтергенімізге биыл 29 жыл болыпты. Осы азғантай ғана жылдардың ішінде еліміз еңсесін тіктеп, жеке мемлекет болып қалыптасты. Даму жолына түсті. Бұл жолда Елбасымыз Нұрсұлтан атамыздың еңбегі өте көп. Өйткені тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуіне, әлемге таңылуына аянбай тер төкті. Сұлулығы көз тартатын, әсем астанамыз Нұр-Сұлтан қаласы бой көтерді. Өзіміздің төл теңгеміз айналымға шықты. Елтаңбамыз бен көкте желбіреген туымыз бойымызға рух береді. Ұланғайыр үлкен атамекенімізге бөтен адамды заңсыз кіргізбейтін берік шекарамыз бен айбынды әскеріміз бар.  Осы жетістіктердің бәріне Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік.


Сондықтан жыл сайын қасиетті мерекеміз Тәуелсіздік күнін асыға күтемін. Елінің азаттығы жолында жанын қиған батыр бабаларымызды еске алып, олардың ерлік істерін өзіме үлгі тұтамын. Біз де жақсы оқып, болашақта білімді азамат болып қалыптасып, еліміздің дамуына үлес қоссақ деп армандаймын. Қазірден бастап жан-жақты болып өсуге барымды салып келемін. Өйткені білімді адам ғана еліне еңбегін сіңіре алады. Болашақта әлем елдерінің алдында ұлтымыздың беделі асқақтай түсу үшін, біз жақсы оқуымыз керек. Сонда ғана еліміздің мақтанышы мен тірегі болған Тәуелсіздігіміз мәңгілік болып, ұлы даланың төсінде өркендеп өсе береді.


 



Айкерім АХМЕТҚАЗЫ,


Ахмет Байтұрсынов атындағы №139 мектеп-гимназияның 5-сынып оқушысы.


Алматы қаласы




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу