Өлеңдер ✍️

  20.01.2022
  213


Автор: Арман Шеризат

Парыз

О, туған жер!
Өлшемісің аңсаудың,
Арқар сынды бөктеріңнен қанша аудым.
Қия шықса, қиқу салып дем берер,
Өз қыраны болмайды ма әр таудың?!
О, туған жер!
Қайыңдары ақ балтыр,
Сезімге елтіп, жанарыма жас қалтыр.
Ғазал болып төгілсе екен сендерге
Жүрегімнің түбіндегі жатқан сыр.
О, туған жер!
Соғып тұрған жел — абыз.
Ғасырлардан жеткізіп тұр сен аңыз.
Құдірет-ай, шайырға тән жүрекпен
Бұл даланы жырлайтұғын бер ауыз!
О, туған жер!
Өзендері өр келген.
Менде ағып жөнелермін сендермен.
Ерке қызға жырымды алып барармын,
Ерте күз кеп арамызды бөлгенмен.
О, туған жер!
Зобалаңды көп көрдің!
Куәгері сенсің тірі өткеннің!
Саған жарған ызасынан атомның
Ақын болып кеткенмін.
О, туған жер!
Саған ұқсас тағдырым.
У-ыңды ішіп, мен де өксіп қаңғыдым.
Тазарайық, арылайық бір сәтке
Төкші қайда жаңбырың?!
О, туған жер!
Құшағы ыстық шешемсің!
Бауырыңа басып туған екенсің!
Өлсем-дағы бауырыңа басып жат,
Мойынымдағы соңғы парыз өтелсін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу