Өлеңдер ✍️

  20.01.2022
  120


Автор: Арман Шеризат

Қонақ келсе...

Қонақ келсе үйіне марқаятын,
Марқаятын Қыдыр деп мал соятын.
Күнмен бірге өріске малын айдап,
Түнмен бірге төсекке жантаятын.
Дала тілін сендердей түсінер ем,
Енер болсам төрт маусым ішіне мен.
Жібек жалы айменен шағылысып,
Қамбар таулар түн сайын кісінеген.
Төл үнінен көктемгі жамырасқан,
Ақ уызын жарады адыраспан.
Қойнауына даланың еніп кетіп,
Қойшы қарттың өріспен әні ұласқан.
Әңгімеші жайдары ел, көңіл сергек,
Бұл далада жатады сезім селдеп.
Қос құлын жарысады қара жолда,
Домбыралы даламның шегін тербеп.
Еңбегімен елінен алған баға,
Берекетті тілейді малдан ғана.
Бауырына тұрардай басып мені,
Аумай жатқан атамнан аңғал дала.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу