Өлеңдер ✍️

  20.01.2022
  110


Автор: Арман Шеризат

****

Ығай менен сығайға толы қала
Мейірімін төкпеді жолыма, ана.
Опындырып дүние ойлап па едім,
Үмітімнің болар деп соңы нала.
Қамалына қамалып тіршіліктің,
Түтініне қаланың тұншығыппын.
Шебер өмір мені де икемдепті,
Шеңберінен шығармай бір сызықтың.
Үнсіз қалды сезгенім, сірә, тұңғыш,
Кеудемдегі беу-беулеп тұратын құс.
Махаббатта ғана екен ұқтым, ана,
Мына әлемнің қамытын бұзатын күш.
Бұра алмадым жолымды басқа арнаға ,
Өлең мені ұшырған аспанға, ана.
Жанарыма сыйдырып жарық күнді,
Жан бітіргім келеді тастарға да.
Түсіме енім түнімен баба тауым,
 Қарса аламын қаперсіз қала таңын.
Қайырымды көңілдің жылуымен,
Қайыршының толтырсам алақанын —
деген үміт жетектеп кете барам,
Елдің жайы ертеңгі етеді алаң.
Көп нәрсені үйрендім мен көшеден,
Көп шындықты көрсетті көше маған.
Қала кезіп ұлыңнан тентіреген,
Әлі талай туады еркін өлең ...
Ақ жолымнан айнымай келем, ана,
Ақ сүтіңнің бойдағы сертіменен.


сурет




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу