Өлеңдер ✍️

  20.01.2022
  112


Автор: Арман Шеризат

Ай-ғұмыр

Толған айдай кетілетін күн санап,
Біздің ғұмыр — төңкерілген құмсағат.
Тұрлауы жоқ уақыттың көшімен,
Керуен жылдар келе жатыр тұмшалап.
Ада тұрар тіршіліктен қым-қуыт,
Арлы өлеңге қуаныштан мұң жуық.
Ажалды боп туған күллі пендені,
Таң артынан жүреді бір түн қуып.
Маңдайыммен күннің нұрын көп емген,
Мына әлемге шуақ шашып келем мен.
Көз алдымда жұтып жатты тұңғиық,
Ағып түскен жұлдыздарды төбемнен.
Өзекті өртеп өте шығар ғұмыр-ай,
Шыдам бітсе, шытынармыз шыныдай.
Қақ жарылған қанжарындай уақыттың,
Бейітіңде қалар белгі сынық Ай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу