Өлеңдер ✍️

  20.01.2022
  171


ОРАЛХАН ЗАҒЫПАР

Жігер

Бұрын бұлдыр түндерде жұтынған сезім,
Ой сіңіп кеткені – бүгін еш.
Парақ беті мұң мүңкіп тұтылған кезім,
Табалмай ертеңнің ебін Ес...
Шетінеген сәттерім үстінде үрей,
Көңілдің көлбеңдеп назына.
Білдім біткен бойымнан күштің де үдей,
Көмейде көміліп базына.
Тұншықтырып шылымның тұқылын қанға,
Шарқымша қасірет шегілді.
Көрсеткізбей жұлдыздың жымыңын таңға,
Өксіктер бүркейтін секілді.
Сарылттырған сағыныш тығылып сағат,
Жеткізбей үмітті жүдеткен.
Төзім сарқи таусылды құмығып тағат,
Күрең күз... күйініш үдеткен.
Дөңгеленген дүниеде дүрмектің жері,
Ергісі жоқ құлқым елеңге.
Үн ішінде ұйысқан жүректің шері,
Өзекте өрт кешкен өлең бе?
Жан қуатын сорғылап жалыныш зарық,
Діңкемді билеген діріл ең.
Тәңіріден төгілер қалғығыш жарық,
Қаламның ұшынан көрінген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу