19.01.2022
  217


Автор: Мадина Омарова

Түйсік

Ащы қоңырау қысқа зың ете қалды. Жеңіл басып келіп кілтке қолын созған ол сәл кідіріп, "Кім бұл?" деп сұрады да жауап күтпестен есікті аша салды. Оналты-он жеті шамасындағы ұзын бойлы сары бозбала.


— Сәлеметсіз бе, — дейді.


— Сәлем. Кел, кір.


Түпкі бөлмеге өткен келіншек орамал, қайшы, тарақ алып келді.


— Мында отыр. Қалай кесеміз?


— Қысқа. Арт жағынан келіп айнаға ойлана қадалған ол ернін тістеді.


— Жейдеңді шеш.


Орнынан тұрып көнбіс кейіппен шешіне бастаған бозбалаға қарап, "егер мен еркек ол кішкентай қыз болса, шешінбес еді" деп ойлады. "Қыз бала он жастан кейін әйел, ал бұлар жиырмаға келсе де сәби". Мойнын орамалмен жауып, сирек қоңыр шашын кесуге кірісті. Едендегі беймәлім нүктеге қадалған бала үнсіз.


— Мамаң қалай?


— Жақсы.


— Жұмыста ма?


— Иә.


Тағы үнсіз қалды. Тек қалқиған құлақтары ғана қып-қызыл.


— Болды ғой деймін. Қалай?


— Жақсы. Рақмет.


— Бір жері дұрыс болмаса қазір айт. Кейін кеш болады.


— Жоқ. Бәрі дұрыс.


Мойнына жабысқан майда шаштарды қағып, ванна жақты нұсқады. Ол жылы суды қосып басын жуа бастаған.


— Жақсылап шай. Әсіресе мойныңды.


Сыртынан баланың ебдейсіз қимылдарын бағып аз тұрды да, шыдай алмай жанына барып мойнына су құя бастады. "Арқаң да шаш". Арық, қушиған иықтарына жабысқан шаштарды кетірді.


— Болды.


Қолына сүлгі ұстатқан ол дәлізге өтіп, қайшы-тарағын тазалады. Айна алдында қалған орындықты қайта ас үйге апарып қойды.


— Киініп те үлгердің бе?


— Иә, мен қайтайын, — деді ол.


Тік қарамай көздерін ала қашады.


— Шашынды тарамайсың ба?


— Жоқ, кепсін.


Әйел жымиды.


— Мейлі онда. Өзің біл.


— Сау болыңыз.


— Сау бол. Мамаңа сәлем айт. Ой, тоқта, конфет берейін.


— Жоқ, рақмет. Менде бар.


Бала неге екені түсініксіз қалтасынан конфет шығарып көрсетті. Содан соң жерде шашылып қалған шаштарға көзі түсіп қызарып кетті.


— Еш нәрсе етпейді. Қазір өзім жинап аламын. Сау бол.


Әйелтағы жымиды.


— Сау болыңыз.


Текпешектермен тез секіріп түсіп бара жатып бозбала жүрегін алабұртқан түйсікке ызаланды. Далаға шыққан соң бар күшін салып жүгіре жөнелген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу