Эсселер ✍️

  19.01.2022
  86


Автор: Айдар ТЕМІРБЕКҰЛЫ

Балықты неге жемейді?

"Алдыңызға ас қойдым, қолыңызды бос қойдым" дегенді естіген боларсыздар. "Мен асымды ұсындым. Жеу, жемеу өз еркіңде. Қинас жоқ" -деген мағнада айтылған ғой. Ойлап қарасаңыз, "Астан үлкен емессің" -деп, дәм ауыз тигізбей жібермейтін біздің меймандос халқымызға жат сөзге ұқсайды. Осы орайда, қонағын құдайындай сыйлайтын Қазақта "Неге бұлай айтылған?" -деген заңды сұрақ туындайды. Енді қараңыз:


Ертеректе жоғалған жылқысын іздеп жолаушылып жүрген қыр қазағы, өзен бойындағы балықшы ауылға Құдайы қонақ болып түседі. Балығын асып, барын алдына тосқан үй егесі, қонағына:


"Астан алыңыз. Бұл балық еті, бағыланның етінен кем емес" деп бәйек болады. Күн ұзақ, жол жүріп қарны ашқан жолушы, алдындағы еттен қарпи асайды ғой. Сол кезде тамағына балықтың қылтығы қадалып қалады. Ақыры содан қайтыс болады. Соңынан үлкен дау шығып, бидің шешімімен балықшылар ердің құнын төлейтін болады. Айыбы, балық етін жеп жүрмеген қыр қазағына қылтанақ болатынын ескертпегені. Біле тұрып "бағыланның етінен кем емес, ала беріңіз" дегені. Ердің құнын төлеу кедей балықшыларға оңайға соқпайды. Қазақ балықшы болайын деп болмайды. Айдарға малы жоқтары амалсыздан кәсіп еткен. Елмен бірге көшпей отырып қалғандарды "жатақтар" деп атайды. Сол жатақтар, мұндай жағдай қайталанбас үшін, келген қонағына "Алдарыңа ас қойдым, қолдарыңды бос қойдым" дегенді айтатын болған деседі)


Менің айтпағым: Ел аузында сақталып бүгінге дейін жеткен жасампаз сөздердің барлығының түп төркіні бар екендігі ғана. Немесе, балықта бабын білгенге керемет тағам ғой. Баяғыда, бір балықшы қызын қыр қазағына ұзатып жатса керек. Ол уақыттарда "Сыңсу" айтылады. Қыздың шешесі жылап отырып айтқан екен:


"Балықтың ақ сорпасын менсінбейтін қарағым -ай. Қойдың қоңырсыған сорпасына қор болатын болдың -ау" деп)


Қанша десекте, Балықшылық қазаққа ата кәсіп емес екені анық! "Бір лақты ешкің болса, мына теңіз деген көретін зат емес екен" -деген ескіден қалған сөз бар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу