Өлеңдер ✍️

  19.01.2022
  182


Автор: Назерке Серікқызы

Ол оқымаған өлең

Сен жоқ жердің ауасымен тыныстау,
Сен жоқ жерде құшағымда гүл ұстау.
Сен жоқ жердің жаңбырына малшынып,
Топырағын уыстау...

Сен жоқ жердің ақ ұлпасын қарсы алу,
Сен жоқ жерде бақыт жайлы жар салу.
Сен жоқ жердің жапырағын жұбатып,
Тылсымына тамсану...

Сен жоқ жерге шуақ болып таралу,
Сен жоқ жерде ғажайып боп саналу.
Сен жоқ жердің батқан күнін бақылап
Ақ таңы боп ағару...

Сондай қиын сен жоқ жерден сені іздеу,
Сен жоқ жерден үміт-күдер тек үзбеу.
Сен жоқ жердің терезесін ұрғылап
Жүрегіме ем іздеу...

Мүмкін бе әлде сен жоқ жерде тосылу,
Сен жоқ жерде елесіңмен қосылу.
Сен жоқ жерде секунд санап тағатсыз
Сені тосып отыру...

Келтіргенмен айтар сөздің орайын,
Мейлі, мен-ақ сен жоқ жерде болайын.
Сен жоқ жерде, сен жоқ кезде жазылған
Оқылмаған өлеңің боп қалайын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу