Өлеңдер ✍️

  19.01.2022
  100


Автор: Назерке Серікқызы

РИТОРИКА


Жүгіре кетсем жел желпіп жасындай бөтен,
Денеден жанды Жәбрейіл рас ұрлай ма екен?!
Өмірді бір рет сүрудің ләззатындай-ақ
Өлудің мәңгі раxаты осындай ма екен?!

-Өлімнің дәмі тұзсыз ба?
-Татып көрмегем,
Шырағың сөнбей болар ма шаттық көрмеген.
Бірі үшін бірі жаралған ғашықтың бәрі
Бақытты өлмеген...

Басымнан сәл-ақ асса да күйреген қайғым,
Кім еді сол жын қасына түнеген айдың.
Жоқ, жаным, сені ана дүниеге өзіңді жалғыз
Жібере алмаймын...

Жылашы, қәні, жасыңды ұрттап көрейін,
Ұрттап көрейін, содан соң шыққа теңейін.
Өліп болған соң келісші,
Бейнеңді сенің,
Бұлтқа көмейін...

Беріле салам алдымнан кеңістік күтсе,
Сыйдырып сабыр салқындау сенімсіздікке.
Келейік қайта өмірге өліп болған соң
Кездесіп тек үнсіздікте...
Келісейік пе?
Келісейікші...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу