Өлеңдер ✍️

  19.01.2022
  82


Автор: Назерке Серікқызы

   АДАСУ

 



Жауып кетсе бұлтты аспанның бейнесі,
Ауыл жаққа тартып тұрам кейде осы...
Сонда менің қарашығым қарауытып бір сәтке
Елестейді есімді алып бақ ішінен әкемнің
Күнге кепкен жейдесі...

Қадірімді шын қашырып жібергенде қала тым,
Ауыл жаққа басатынмын үзілер боп тағатым.
Сонда менің қарашығым қарауытып бір сәтке
Анау қырдың арасынан кескіні кеп әкемнің
Жымиғандай болатын...

Мәні бар ма жыр алдында сені аңсатқан ойлардың,
Мен одан да паналайын ауыл жақтың қойнауын.
Сонда менің қарашығым қарауытып бір сәтке
Түнгі аспаннан үнсіз ғана ағып түскен жұлдызды
Әттең, әке сен екен деп ойладым...

Құр елесті қудым ба әлде мен босқа,
Неге бұлай, бұл жарама ем жоқ па?
Сонда менің қарашығым қарауытып бір сәтке
Білесің ғой сені ойламай мен ұйқыға жатпаймын
Сен сондықтан келіп тұршы кей уақта...

Желсің бе сен, мейлі, қуып жетермін,
Жалынсың ба, мақұл, шарпып өтермін.
Көрінсеңші, берілсеңші тауыстың ғой төзімді
Міне тағы қарашығым қарауытты, жан әке
Қайда сенің мекенің?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу