Өлеңдер ✍️

  19.01.2022
  78


Автор: Назерке Серікқызы

  ТҮС

 



Асылым,
Аққулардан қанат сұрап қарызға,
Үнсіз ұша жөнелейік айналмай-ақ аңызға.
Алынбай-ақ ауызға...
Бәрін тастап, кетейікші тезірек
Жаңалықта айтып жүр ғой жар салып
Өмір бар деп Марста!
Жүксіз, түксіз тек екеуміз аттанып
Кетейікші алысқа...

Ах ұрғанда, атылғанда ажарымнан алып түн,
Жүрегінен жарып ұштық жерді айналған жарықтың.
Заңы қатал заманнан да,
Он сегіз мың ғаламнан да жалықтың ғой?
-Жалықтым...
Сөйттік те үнсіз қона кеттік құшағына алыптың.
Сонда бізді,
Ай да, күн де жұлдыздар да қошеметтеп қарсы алды
Қош келді деп ең алғашқы тұрғындары ғарыштың!

Қоштасарда қолын ұзақ бұлғар түн,
Мен тірімін, сен де өмірде шын барсың.
Жер үстінде жыр оқылып жатқан шақта ақырын,
Ай үстінде айтылмаған сыр қалсын.
Сонда сенің көздеріңде мен сыйлаған нұр жанып
Жастың қалай таматынын,
Жұлдыз қалай ағатынын, естіп көргің келген сәтте
Менің жүрек дүрсілімді тыңдарсың!

Білместікпен аспан жұртын,
Күннің бұлтын көкшіл түске бояппын,
Сонда бәрі, одан әрі тым әдемі болады деп ойлаппын.
Шексіздіктің шаһарында,
Ақшам таңның атарында,
Тағы біраз қиялдайын деген едім әттең-ай,
Неге сүйіп ояттың...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу