Өлеңдер ✍️

  19.01.2022
  196


Автор: Назерке Серікқызы

ЭЙФОРИЯ II

 


Сенің көзіңнің жарығынан от алып жағайыншы, жаным,
Мына әлемнің қараңғылығына.
Сенің жүзіңнің нұрынан сәл алып қалайыншы, жаным,
Ақ таңның ағаруына.

Сенің кеудеңде түн боп қала тұрайыншы, жаным,
Қолдарымды үнсіз жылытып.
Сенің бейнеңде мұң боп тама тұрайыншы, жаным,
Кім екенімді ұмытып.

Сен сүйген теңіздің толқыны болайыншы, жаным,
Тасқыныңменен тербелген.
Сен сүйген желдің салқыны болайыншы, жаным,
Жұпарыңменен емделген.

Жейдеңде сенің мамық боп қона тұрайыншы, жаным,
Әлемнің жұтып әтірін.
Кеудеңде сенің жарық боп жана тұрайыншы, жаным,
Деміңе сіңіп ақырын.

Түнегіңде сенің тылсым бола тұрайыншы, жаным,
Үніңмен үнге бой алдым.
Жүрегіңде сенің бір күн қала тұрайыншы, жаным,
Келеді бірге оянғым,
Өзіңмен бірге оянғым!              




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу