Өлеңдер ✍️

  16.01.2022
  166


Автор: Дәурен Айманбетов

Кітап дүкенінде

Ана ағайдың томдарынан мың артық,
Менің қойын дәптерім...
Б.Алдияр

Түрлі-түсті, қызыл, жасыл, ақ, сары,
Құлпыртады жемістері бақшалы.
Қарап тұрсаң дәмділері санаулы-ақ,
(Ақынсымақ көп қой қазір ақшалы)
Сырты әдемі-ақ. Ішін көрші, керім бе?
Шеттерінен шолып қара, ерінбе!
Бүгінгінің бас-басында баспа бар,
Жаулап алған кітап дүкендерін де.
Анау тұрған мұқабасы жып-жылтыр,
Кеше оқыдым, отырыппын мылжып құр.
Ал, анаусы, алғысөзі ұранды,-
Хан сарайы ақыны екен ынжық бір.
Міне! Міне! мына кітап, мына автор,
Халтуралар арасында тулап тұр.
Сатушы қыз қайдан ұқсын нағызды,
Оған жылтыр бетті аналар ұнап тұр.
Сатушы қыз танымас-ты нағызды,
Оған заттың өткені тек маңызды.
Нарық заман науқас етті ә, қоғамды,
Бұрынғы оқырмандар қазір аңыз-ды.
Жағымпаздар бай-манапқа том арнап,
Байып шықты атақты боп табанда-ақ.
Өзі өлген соң атағы да көмілсе,
Шығын болған қағаздарға обалды-ақ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу