Өлеңдер ✍️

  16.01.2022
  175


Автор: Дәурен Айманбетов

Жаным қысылып, жанып тұла бой

Жаным қысылып, жанып тұла бой,
Қанатын сермеп, талып қырағы ой.
Сағына берер өзіңді жүрек,
Қайырылмай мейлі зарықтыра ғой.
Зарықтыр және... Тағы да көкем.
Ақыры қоймай сағынады екем.
Арызым жоқ-ты, өзімнен көрем,
Махаббаттың бұл заңы да, не етем.
Сыңғырлап сәнқой сезімшіл бұлақ,
Оянды бақтар көзін сызғылап.
Келеді деп-ем, көктем боп ертең,
Оралды көктем, өзіңсіз, бірақ.
Келе де берер әлі сан көктем,
Тілегім солып, табысар көкпен.
Сонда да жүріп жолыңды бағам,-
Сағыммен бұлдыр жарыса кеткен.
Тосамын, тосам, біткенше өмірім,
Күмәнданса да тіптен сенімім.
Алдаса алдар, үмітімді үзбен,
Келместен менің күткен серігім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу