Өлеңдер ✍️

  16.01.2022
  156


Автор: Дәурен Айманбетов

Жаңбырлы түн

Барар жер жоқ, сезбесе екен күйімді ел,
("Өз-өзімді" қуғам кеше үйімнен).
Жаңбырлы түн.
Аспан жатыр шатынап,
Қала жатыр, қара киім киінген.
Жаңбырлы түн.
Ақ тамшылар дабыры,
Жарқылдайды Көктің қызыл тамыры.
Үйге сыймай кетіп едім мен кеше,
Көше-дағы сыйдырмастай, тәңірі.
Кетіп барам, бағытым да белгісіз,
Бір арман бар еш байлыққа бергісіз.
Вокзал жаққа жетіп алсам болғаны,
"Арман қуған" жоғалады дермісіз?
Вокзал жақта адамдар жоқ қуатын,
Адамдар бар мұңыңды айтпай ұғатын.
Қайыршы бар қарсы алып шын шығатын,
һәм көбелек күліп үнем тұратын.
Асыр сап тұр, биле, биле, биле түн,
Ей тамшылар, ақыныңның сүй бетін!
Кетіп қалам басқа шаһар, басқа елге,
Қай аймаққа жіберері билетім.
Жаңбырлы түн.
Көктем соңы, жаз басы,
Су-су болған асфальттар таз басы.
Қолшатырсыз жаяулатқан жолаушы,
Талас жауған қара бұлттың көз жасы.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу