Өлеңдер ✍️

  15.01.2022
  252


Автор: ЖОМАРТ БАЙМҰХАН

ҚАЙРАН ЫРҒЫЗ

 


Сан сағымы есімді алып тірліктің.


Қанжар сермеп, найзамды да сүңгіттім.


Алқам-салқам өмірменен алыстым,


Нұр боп шығып батып жатты мүлгіп күн.


 


Пенделікпен артыппын-ау бекер сын.


Сөйтсем мені күнде күткен екенсің.


Тұра келіп қала жаққа аттанып,


Жұмағым деп сені аңсаппын, не етерсің?


 


Көкпарына қызу кіріп жалғанның,


Ат тұяғы батты талай... алдандым.


Өлермендік өмір заңы екен-ау.


Елемей түк.


Ере бердік, таңғалдым.


 


Зырлауық күн асып талай қырды сан,


Жетемін деп бір қараға тырмысам.


Қарым талып қала жақтан қайтам да.


Қайран Ырғыз жусаныңды мың құшам.


 


Аунаймын да топырағыңа түлеймін,


Қала жақтан естілгенше дүлей үн,


Атқа қонып сосын айыл тартам да.


Дала жақтан қарымтаға жөнеймін.


 


Қайрап солай жусаныңа жігерді.


Мына жалған мың сынайды шын ерді.


Ақтөбеде сары даламды жыр етем,


Мені тәңір тек сол үшін жіберді!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу