Өлеңдер ✍️

  15.01.2022
  415


Автор: ЖОМАРТ БАЙМҰХАН

КҮНДЕ СӘЛЕМ КҮТЕМІН ЫРҒЫЗ ЖАҚТАН...

 


                                                                  Күнде сәлем күтемін Нұра жақтан,


                                                                                    (Серік Сатанов )    


Күнде сәлем күтемін Ырғыз жақтан,


Күнге құрық тұрмайды жылжып жатқан.


Ен далаға еркелеп жатқан шығар,


Ерке өзен жағасын жыңғыл жапқан.


 


Жатқан шығар ақ көбік аспанға атып.


«Аттандатып» жүруші ем аттандатып.


Жайлайтын ем жағаңды, жайнайтын ем,


Дүниеде сол екен тапқан бақыт.


 


Ақ толқын ақ маржан боп тізіліп қап


Кім мендей толқыныңның үнін ұқпақ?!


Балпаңдап балалығым жүрген шығар


Тереңіне құлаштап жүзіп ұрттап.


 


Күт мені асау толқын алысқалы,


Жетемін жалын құшып жарысқалы.


Айдының аймалайды түсімде ылғи


Қайтейін, қамыт тірлік қалыспады.


 


Ой Ырғыз,ой-хой Ырғыз, алтын аймақ,


Арнаңнан алыстағам тағдыр айдап.


Бір келдім, мына өмірге бір кетемін,


Жырларым қалса болды жағаңда ойнап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу