Өлеңдер ✍️

  15.01.2022
  128


Автор: ЖОМАРТ БАЙМҰХАН

* * *

Уа бір сарын жеткен еді бүгінге,
Көк түріктер көтеріліп түбінде.
Жер бетіне әмір етіп тұрады,
Көк бөрілік айбары бар түрінде.
Әлмисақтан көк тәңірі жар болып,
Рух болып, намыс болып, ар болып.
Айға қарап ұлыйды екен түндерде,
Жердің беті тар болып.
Жауларының қуыратын апшысын,
Бар қайраты қамшысында жатты шын.
Осы біздің кешегі өткен бабалар,
Ешбір елге таптатпаған намысын.
Көрұғлыдан көшкен бізге кие боп,
А, Жаратқан!
Жастарымды сүйе кеп.
Көк бесіктің көшін алға сүйресін,
Көкжалдардың мекеніне ие боп.
Көк түріктің көзіндей қып жалғасын,
Көк байрағы, көк қыраны барда шын.
 Күлтегіннің рухы қайта дарысын,
Сабалақтан сарқыт болып қалғасын.
Абыроймен Алаш атын алайда,
Асқақтату, аспандату оңай ма?
Заман мынау құйрығындай түлкінің,
Тазы болып жасау керек мың айла.
Тәңірімнен Алаш атын алған күн,
Ғасырларды дәуірлерге жалғармын.
Білім, білік, бірлік керек біздерге,
Шығу үшін сенімінен Мағжанның.
Алаш!
Алаш!
Аттан түспей түзде өлдік.
Кеше талай үміттерін үзген жұрт,
Енді ешкімде өшіре алмас рухын,
Жаңа буын, жаңа ұрпақ біз келдік!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу