Өлеңдер ✍️

  15.01.2022
  222


Автор: Жасұлан СЕРІК

* * *

Көгеруде көк аспанның астында ел,
Мына біздей көк түркінің ұрпағын,
Айға қарап ұлыйтұғын қасқыр дер!
Болмас бала отызында жаспын дер,
Болар бала он үшінде баспын дер.
Кімдерді ұттық, біз кімдерден ұтылдық,
Томағасын бек сыпырған қырандай,
Қанат қомдап, айбаттанып жұтындық.
Е, қазағым,
Он үшінде басып дейтін ұлдарың,
Жетерлік қой, шүкірлік!
Өзегелерге бас имейиін өр едік,
Айтқан елге бітім қып,
Қара қылды қақ жарардай төрелік.
Сене білген хақ ұлға,
Он жетіге енді келген шағында,
Абылайды ақ киізге көтеріп,
Хан сайлаған ел едік!
Одан бері,
Елдің көшін, ұлттың көшін түзедік.
Жақсыларға сырласатын жақын дос,
Жамандарға алынбайтын құз едік.
Он жеті жасқа толғанда,
Арыстандай ақырған,
Жын-перісін шақырған,
Қонтайшының мысын басқан мүдіртіп,
Қазыбекті туған халық – біз едік!
Махамбет бабам айтпақшы,
Шашақты найза қолға алып,
Күні-түні толғанып,
Арғымақ мініп «Алла!», – деп,
«Тәңірім, өзің қолда!», – деп,
Он бесінде ат мініп,
Еңкеу-еңкеу шаптырып,
Қанын ішкен жауының,
Ақылдың тасқан кемелі,
Қабанбай біздің ер еді!
Әлқисса!
Елінің арын, намысын ердің ту еткен,
Қарсы шапқан жауы менен дұшпанның,
Айбаты мен күш-жігерін құм еткен.
Елі үшін жылаған,
Көзінің жасын бұлаған,
Елін жәннәт – жұмақ қып,
Ал ұлдарын өр қылып,
Арлы қызын үр еткен,
Үбіс бабам жасында,
Алмас қылыш асынып,
Ниязын елге көп салған,
Қоқанның қанын су еткен!
Қасқыр соғатын қырандай ұлың түлесін,
Ғылымына барша әлемнің,
Жиырмасында қосқан үлесін!
Отызында бек өксітіп қазағын,
Ардақтаған өз елі,
Шоқан деген – ұлы есім!
Қолын созған көкте тұрған арманға,
Жүрегінде иман менен ар барда.
 Жиырмасында жалындаған алау боп,
Коммунистік жастарға,
Орақ, балға таңбаланған жалау боп,
Сырда туған
Арда туған Ғаниды,
Білмейтұғын жан бар ма?
Текті ұл ек үлкен сөзін тыңдаған,
Талайлардың куәсі ғой бұл далам.
Жиырма бір дейтін жасында,
Лайықты іс қылып,
Кеудесі алтын хас ұлға,
Немістің сөккен іргесін,
Анамның арда әкесі,
Өзімнің асқар аташым,
Адисті жырласам,
Қой деп айтар кім маған?!
Үміттің отын жандырған,
Жырлағанда түні өтіп, күн жетіп,
Термесімен алтын сарай салдырған.
Қыршыннан кеткен арда ұл,
Көшеней атты ұлдарың,
Күміс сыңғыр үнімен,
Күллі әлемді таң қылған.
Үлкен түгіл атын білген жас бала,
Ей, бауырым, білмей қап,
Елдің арын ластама!
«Бір тойым бар!», – деп жырлаған ақын ұл,
Орда бұзар отызды,
Кемесіне мінген келместің,
Төлегенді білмеу бізге масқара!
Ай тамсанып, абатына күн күлсін,
Қазақстан, туған менің отаным!
Ұлың саған өз сезімін білдірсін!
Желтоқсанда ызғарлы,
Жүректегі алауы,
Бек еріткен мұздарды,
Бас көтеріп қыршын жастар шықпаса,
Ел намысын, еркіндігін ұқпаса,
Біз осылай жүрер ме едік, кім білсін?!
Шүкір!
Қайғы жібін, құрсауын да үздірер,
Хас дұшпанын арқардайын сүзгілер,
Өзгелерге боданды емес бек еркін,
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Жастарымен мақтанады біздің ел!
Елім болма жас ұрпақтан тұңілген,
Құлагердей хас жүйрік,
Емес олар қара жолда сүрінген!
Баяғыдай найза, қылыш жоқ бізде,
Қаруландық біліммен!
Шындықты айтсақ бабамыздай өрміз де,
Болашақтың кілтін әкеп бер бізге!
Ертеңдері үмітіңді ақтайтын,
Күллі әлем мақтайтын,
Туған тілін, туған ділін,
Туған елін, туған жерін сатпайтын!
Үмітіңді арт!
Намысы нық, өршіл ел,
Сен бізге!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу