Өлеңдер ✍️

  14.01.2022
  164


НҰРДАУЛЕТ ӨМІРБЕКОВ

* * *

Жастардың жылы – жас дәурен,
Жастардың жыры – астасып жатыр асқармен.
Күн болып күлсе қайғының бұлты қашты әрмен.
Шежіре тұнған көненің көзі кең далам,
Келмеске кеткен Кеңестен қалған кер заман,
Жасанып жатыр, жасарып жатыр жастармен!
Жалған да, жалған бес күнің,
Жаңарып жатқан, ескіден қалған естімін.
Жасықтың емес, жасынның үнін естідім.
Ел назарында жастарым жатыр бұрқырап,
Ерназарыңдай үлкендерінен іркіп ап,
Бір төбе көрген Төстігін.
Ереуіл атқа ер салып,
Есіл ерлерім аттанды өмірден енші алып.
Тарланбоздардың тұяғын бас та кел шауып.
Том-том тарихтың тоздырып алмай терісін,
Торығу керек, зорығу керек ел үшін,
Томағамыздан тер сауып.
Жұртыммен ғана жолдаспын,
Бодандық көріп боранда көзді зорға аштым.
Ордамды ұмытып олжамды ойласам оңбаспын.
Құлқынның емес ұлтымның жайын нұсқасам,
Екі тізгін мен бір шылбыр қатар ұстасам,
Екінің бірі болмаспын!
Алтыннан қымбат ар құны!
Намыс, жігерсіз қу басың қайда қаңғыды?
Жасқаншақтық бұл – кең дүниеміздің тарлығы.
Мойымай жүріп мойындататын соңында,
Жалындап жанған жастардың ғана қолында,
Жасампаз елдің тағдыры!
104 105
Салдарым еді қайқы арлан,
Саңлағым еді, сардарым еді тайпа алған.
Халқы үшін туған, марғасқа, бәрі майталман.
Басын кессе де бас имей кетіп, кезінде,
Найзағайыңның өзін де,
Найзасымен-ақ қайтарған!
Асылдың едік сынығы,
Күмбір де күмбір күреңмен өткен ғұмыры.
Дүниені шарпып дүлділдерінің дүбірі,
Маңдайға біткен бағыңдай болып бес елі,
Келешегіңнің кермесін үзсін кешегі,
Құлагерлердің құлыны.
Дүние шіркін дөңгелек,
Ұрпағы болсаң, ұлылар төккен терге бөк,
Қаратпай қалқам, кең байтақ мынау жерге бет,
Байрақты төмен түсірме.
Елімнің айы оңынан туу үшін де,
Ел үшін туған ер керек.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу